АЛМАТЫ, 23 қазан — Sputnik. Сейсенбі, 23 қазанда Қазақстан қор биржасының (KASE) таңертеңгілік сессиясында АҚШ долларының орташа бағамы 360,86 теңгені құрады.
Кешегі күнмен салыстырғанда ұлттық валюта долларға шаққанда 5,07 теңгеге нығайды. Ең төменгі бағам бір доллар үшін 360,3 теңге, ең жоғарғысы 363,50 теңге деңгейінде, сессияны жабу бағамы бір доллар үшін 361,30 теңге болды.
Астанада ақша айырбастау пункттері америка валютасын 363 теңгеден, Алматыда 364 теңгеден сатып жатыр.
ҚР Ұлттық банкінің ресми бағамы – бір доллар үшін 365,49 теңге. Еуро бағамы 420,35 теңгені, қытай юані 52,66 теңгені, ресей рублі 5,6 теңгені құрады.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Ұлттық банктің де, үкіметтің де мүддесіне сәйкес келетін валюта дәлізін уақытша бекітуді ұсынған болатын. Оның айтуынша, қазір теңге бағамы іргелі факторларға емес, екі ірі ойыншы – Ұлттық банк пен квазимемлекеттік сектордың әрекеттеріне тәуелді болып жүр.
Экономист теңгенің құнсыздануына байланысты жалақыны өсіруді ұсынды
Алайда Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев халық қалаулысымен келіскен жоқ. Оның пікірінше, бұрынғы валюта дәлізіне оралу қымбатқа түседі. Оның үстіне, қазір теңге бағамының құбылмалығына тосқауыл қоюға қажеттілік жоқ, бұл объективті шынайылық.
Сарапшылардың пікірінше, доллар екі-үш айдың ішінде 400 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.
Айта кету керек, Қазақстанда 10 қыркүйектен бастап теңгенің ресми бағамын белгілеудің жаңа ережесі күшіне енді. Ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы Қазақстан қор биржасындағы T + 1 есеп айырысу мерзімдерімен негізгі және қосымша сессиялардың нәтижелері бойынша орташа бағамның негізінде белгіленеді.