АЛМАТЫ, 21 қазан — Sputnik. Видеодан қару-жарақ, оқ-дәрі мен бомба салынған сөмкені асынған Владислав Росляков ғимаратқа кіріп бара жатқанын байқауға болады.
Роликте студенттің жарылғыш затты іске қосып, алдынан шыққандарды атып тастаған сәті көрініс тапқан, видео "Россия" телеарнасында жарияланды.
Видеобақылау камерасына сондай-ақ жарылыстан зәресі ұшқан жасөспірімдердің далаға жүгіріп шыққаны, колледж терезесінен жарықшақтар ұшқаны түсіп қалған.
Видеоны мына сілтеме арқылы көруге болады (Ескерту: кадрда зорлық-зомбылық бар).
Естеріңізге сала кетейік, Владислав Росляков оқу орнында қолдан жасалған жарылғыш затты іске қосып, адамдарды атып тастаған болатын. Содан кейін колледж кітапханасында өзіне қол жұмсаған. 21 адам көз жұмды.
Соңғы мәлімет бойынша, Керчь политехникалық колледжіндегі қырғыннан кейін 45 адам ауруханаға түскен, олардың 25-і – балалар. Дәрігерлердің хабарлауынша, үш науқас хал үстінде жатыр.