АСТАНА, 21 қазан — Sputnik. Бүгін қазақ боксшысы Данияр Елеусінов кәсіпқой бокстағы төртінші жекпе-жегінде нокаутпен жеңіске жетті. Бокс кеші Бостандағы (АҚШ) TD Garden аренада өтті.
"Бастапқыда жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтаймын деген ой болмады. Бар болғаны қарсыласымның ашық болғанын және өзіме берілген мүмкіндікті пайдаландым. Қарсыласым, расымен де, мықты болды. Әрине, Мэтт Доэрти осы күнге дейін жеңіліп көрді. Бірақ оны ешкім де мерзімінен бұрын жеңбеген еді", — деді Данияр Елеусінов sports.kz сайтына берген сұхбатында.
Данияр Елеусінов "маймылсың" деген боксшының быт-шытын шығарды
Сондай-ақ, ол рефери жекпе-жекті тоқтатпағанда қарсыласының жағдайы бұдан да ауыр болуы мүмкін екенін айтып өтті.
"Мен оны тура бірінші раундта тоқтатамын деп ойламадым. Шамамен үшінші-төртінші раундтарда жекпе-жекті мерзімнен бұрын аяқтаймын деп жоспарладым. Төреші араласты. Ол араласпағанда, кім білсін жағдайының қалай боларын?! Бәлкім, жағдайы бұдан да мүшкіл болар ма еді?! Денсаулығына көбірек зақым келетін еді", — деді спортшы.
Естеріңізге сала кетсек, жартылай орта салмақ дәрежесіндегі алты раундтық жекпе-жекте 27 жастағы Данияр Елеусінов америкалық Мэтт Доэртимен жұдырықтасты. Жекпе-жектің бірінші раундында Елеусінов техникалық нокаутпен жеңіске жетті.