Қоғам

Тұсаукесер: қазақ нені дұрыс жасамай жүр?

Бүгінде тұсаукесер рәсімі де заман ағымына қарай біраз өзгеріске ұшыраған
Sputnik

АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Қазақ халқы ежелден бала тәрбиесіне өте ерекше мән берген. Оның айқын дәлелі – сәби шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап есейгенге дейін орындалатын салт-жоралғылар. Соның бірі – тұсаукесер. Тұсаукесер – табаны жерге тиіп, қаз-қаз басқан сәбидің үлкен өмірге жасаған алғашқы қадамы, тойдың басы. Сәбидің жүргеніне қуанған ағайын мал сойып, той жасап, алғашқы қадамына жақсылық тілейді. Тіпті тұсауы кесілмеген бала сүріншек, өмірі кедергілер мен қиындықтарға толы болады деп сенген. Қазақтың салт-дәстүрінде ерекше орын алатын тұсаукесер рәсімін қалай орындаған дұрыс? Тұсау кесуде қандай қателіктерге бой алдырып жүрміз? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Sputnik Қазақстан тілшісі дайындаған материалдан таба аласыздар. 

"Қаз-қаз, балам, қаз балам"

Әр халықтың өзіне тән ұлттық тәрбиесі бар. Сол секілді қазақ дәстүрінде тәрбиелік мәні жоғары жоралғының бірі – тұсаукесер тойы. Шілдехана-бесік тойдан кейін сәби өмірінде ерекше аталып, үлкен той ретінде өткізілетін салттың бірі – тұсаукесер.

Тойбастар ысырапшылдық па, жоқ әлде...

Тұсаукесер – сәбидің өмір сапарының алды. Сәби еңбектенуден өтіп, тәй-тәй басып, алғашқы қадамдарын жасай бастаған кезде әр ата-ана "балам, тез жүріп кетсін" деген ниетпен келешегіне ақ жол тілеп, тұсауын кеседі. 

Қазақ сәбидің тұсауын "көбейіп, көгере берсін" деп көк шөптен де есіп жасаса, "бай болсын, тоқ болсын" деген тілекпен малдың тоқ ішегінен де өрген. Бірақ көбіне "біреудің ала жібін аттамасын, өзгенің мал-мүлкіне, дүниесіне көз тікпесін, қол сұқпасын" деген тілекпен ақ пен қара жіпті айқастыра отырып, ала жіп дайындаған. 

Осы орайда неге көк пен қызыл немесе жасыл мен сары жіп емес деген заңды сұрақ туындайды. Ақ пен қара – тіршіліктің нышаны. Өмірде барлығы қос-қостан, жұп болып жаратылған. Өмірдің өзі сынақ, ақ пен қара секілді жақсылық пен жамандық, ыстық пен суық, өмір мен өлім, аштық пен тоқтық үнемі қатар жүреді. Осының  барлығын мінсіз жаратқан бір Алла ғана жалғыз.

Ала жіпті көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген ақ жаулықты әжелер ақ батасын беріп, баланың аяғына байлайды. Осыдан кейін сәбидің ата-анасы таңдаған келіншек немесе ер азамат баланың тұсауын кеседі. Сүріншек, жайбасар адамға баланың тұсауын кестірмейді. 

Тұсауды неге қайшымен кесуге болмайды?

Қазір барлық жерде баланың тұсауын қайшымен кесетіні жасырын емес. Алайда атақты Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова бұл мүлде дұрыс емес дейді. 

"Өйткені бір-біріне кереғар, қарама-қарсы қайшының жүзі секілді баланың алдағы өмірі қайшыланып, кедергілер көп болмасын деп қазақ қайшымен кесуді жөн көрмейді. Бұл да жай емес, тіршілік тәжірибесінен алынған", — деп жазады Ахметова "Күретамыр" атты кітабында.

Сондықтан, оның айтуынша, "Жақсылық болып, басына бақ қонғанда асып-тасып асылық жасамасын, қиындықта жасып басылмасын, өмірдің күнгейі мен көлеңкесінен тең өтсін" деп баланың аяғына тұсалған ала жіпті пышақпен шорт кеседі.

Тұсауды кімдер кеседі?

Қазақ халқы тұсауды кез келген адамға кескізбеген. Әдетте жүріс-тұрысы ширақ, пысық, бір әулеттің түтінін түтетіп отырған келіншекке немесе өз ортасында сыйлы, абыройлы, қолға алған шаруасын тындырып жүретін еңбекқор азаматқа кескізеді.

Мұхтар Шаханов: Наурыз мейрамына басқа көзбен, басқа ниетпен қарайтын уақыт жетті

"Қай кезден бастап үрдіс алғанын білмеймін, қашан көрсең жасы үлкен әжелер тұсау кесіп жатады… Сөз жоқ, көпті көрген, талай немере-шөбере сүйген ұлағатты әжелер батасын беріп, ала жіпті баланың аяғына байлайды. Ал тұсауды қыз бала болса, жүрісі ширақ, істеген ісін тиянақты тындыратын қағілез, ақжарқын мінезді келіншекке, ұл баланың тұсауын жақсы аты ел аузында жүрген, қолға алған шаруасын нәтижелі атқаратын, еті тірі еңбекқор азаматқа кескізеді. Бұл жерде қалау – ата-ананың ықтиярында, көңілі түскен адамын оның қадір-қасиетіне қарай таңдап, тұсау кескізеді", — деп жазады Зейнеп Ахметова. 

Сондай-ақ, жазушы өз кітабында қазақ "жолы әлі ашылмаған" деп үйленбеген жігітке, тұрмысқа шықпаған қызға тұсау кескізбегенін атап өтеді.

Зейнеп Ахметова жас балаға тұсау кескізуді де құп көрмейді.

Тоқаевтың ұсынысы Қыдырәлі Болмановтың күлкісін келтірді

"Иә, жеткіншек балалар тұсаукесерге қатысады, олардың да атқаратын маңызды міндеті бар. Балаларды тұсаукесердің алдында жарыстырып жібереді. Олар қайта айналып, келіп қалғанда тұсау кесіледі. Ентігіп келген балалардың алдыңғы озып келген екеуі тұсауы кесілген бүлдіршіннің алақанын алақандарына түйістіріп, уысын толтыра қолынан мықтап ұстап, дедектетіп жетелей жөнеледі. Сонда жүгіріп келген балалардың екпіні, қан қызуы, қуат-жігері сәбиге алақан арқылы беріліп, бала тез жүріп кетеді екен. Шынымен солай болады, өйткені жасөспірім балалардың таза да табиғи энергиясы қадамын жаңа басқан балаға дариды. Ал қажыр-қайраты қайтқан, ілби басатын кейуаналар тұсау кескенде, бала қалай тез жүгіріп кетеді деп ойлайсыз?", — дейді ол. 

Тағы бір есте сақтайтын дүние – қазақ ешқашан тұсауды артынан кеспеген. 

"Алды ашылуы керек деп алдынан кеседі", — дейді Зейнеп Ахметова.

Тұсаукесер жыры 

"Жүйрік бол!", "шауып кет!" деген тілектермен баланың тұсауын таңдалып алынған адам кесіп жібереді. Тұсауы кесілген соң, сәбиді екі адам ортаға алып шығады да, тез-тез жүгіреді. Осы кезде "Тұсаукесер" жыры шырқалады.

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң, мәз болам.

Қаз-қаз, балам, қаз балам.

Тақымыңды жаз балам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін,

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық,

Қаз-қаз, балам, жүре ғой…

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асулардан аса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.

Тұсаукесерде шашу шашылады. Тұсау кесілген жіпті ырымдап, бала көтере алмай жүрген келіншекке немесе нәрестелі болған отбасыларға "сіздерде де көп ұзамай той болсын" деген ниетпен береді. Тұсау кескен адамға сыйлық береді.

Қазіргі таңда баланың жолына төселген ақ матаның екінші басына домбыра, кітап, ақша, нан, айна секілді түрлі зат қою үрдісі белең алған. Бала нені таңдаса, болашағы сол затпен байланысты болады деп жорамалдайды. Мәселен, баланың көзі домбыраға түссе, есейіп, ержеткенде өнер адамы болады дейді. Кітапты алса, ғылым, білім жолын қуады деп топшылайды. Ақшаға жармасса, қалталы, бай, дәулетті азамат болады деп ырымдайды. Қазақтың дәстүрінде мұндай болмаған, бұл кейіннен пайда болған үрдіс. 

Тұсаукесердің пайда болуы туралы діни аңыз

Қазақтың салт-дәстүрі мен ырым-тыйымдарының шығуына себеп болған аңыздар мен қисса-дастандар жетерлік. Соның бірі – тұсаукесер дәстүрінің пайда болуы жайында.

Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді?

Тәңірі тағала Әбілет пен Тәбілет деген екі мақұлықты жаратып, жер бетіне жібереді. Олар өте ажарлы, сұлу болған екен. Бір-бірін ұнатып қалады. Жаббар Хақ екеуіне: "Некелерің қиылмай, бір-біріңе қосылмаңдар", — деп ескертеді. 

Бір күні екеуі шыдай алмай, бір-біріне қосылып қояды. Дүниедегі ең алғашқы зинақорлық осыдан басталыпты. Діни аңыздарда қиямет-қайымда зинақор адамдар Әбілет пен Тәбілеттің қауымында тіріледі екен деседі. Некесіз қатынастан дүниеге Ібіліс келеді.

Адам ата мен Хауа ананы жер бетіне жіберер кезде Тәңірі оларға да ескертіп: "Некелерің қиылмай қосылмаңдар", — дейді. Адам ата мен Хауа ана: "Мақұл!"- деп уәде береді. Бірақ, ол заманда Ібіліс малғұн атанып, оларды азғырып, туралы жолдан тайдыруға серт берген кезі екен. 

Тәңірі Жебірейілге: "Адам мен Хауаның аяғын тұсаула. Жерге табаны тиген соң, тұсауларын кес. Ібілістің азғыруына еріп, тура жолдан таймасын", —дейді. 

Жебірейіл олардың аяқтарын көк шөппен байлаған екен. Жерге түскен соң тұсауларын кеседі. Некелерін қияды. Кейін бұл оқиға дәстүрге айналады. Содан бастап жаңа туған баланың табаны жерге тиер кезде тұсауын кесіп, күрмеуін шешеді екен. "Баламыз алғаш қара жерге қадам басты, тура жолдан таймасын" деп ырымдайды. Тұсауы кесілмеген сәбидің иманы әлсіз болады деген де түсінік бар.

Деректер "Дін мен дәстүр II", "Күретамыр" (Зейнеп Ахметова), ""Салт-дәстүр сөйлейді" отбасы хрестоматиясы" кітаптарынан алынды

Дайындаған Нұргүл Абай