АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс күні аяқталысымен мемлекеттік қызметкерлердің компьютерін автоматты түрде өшіруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның пікірінше, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы мен жеке өмірі арасында тепе-теңдік сақталуы керек.
Сондай-ақ Шпекбаев мемлекеттік қызметкерлерді электрондық құжат айналымы жүйесіне қашықтан қол жеткізу мүмкіндігін зерттеуді ұсынды.
"Бүгінде жаппай "бұлтты" технологиялар енгізіліп жатқанда, біз қызметкерлерді кабинетке "байлап", басқару шешімдерін қабылдау үрдісінде қажетсіз әуре-сарсаңға саламыз", — деді ол.
"100 тәулік бойы жиналыстарда отырасыңдар. Сендер адамдарға жұмыс істеуге мүмкіндік бермей жатырсыңдар ғой. Менің мемлекеттік қызметте тәжірибем мол. Алдын ала дайындалған отырыс жарты сағат қана өтеді. Күрделі мәселелер болса, ары кетсе бір сағатқа созылуы мүмкін. Мемлекеттік қызметкер заң бойынша жеті сағат қана істеуі керек. Түнгі он екіге дейін жұмыста отырмауы керек", — деген еді Назарбаев премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа.