АСТАНА, 18 қазан — Sputnik. Алматы облысында түзету мекемесінің басшылығы қамаудағыларға зорлық-зомбылық көрсетті деген күдікке ілінді, деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.
Күйеуімен байланысқа шыға алмаған Аяжан қоғам белсенділерінен көмек сұрауға бекінеді. Солардың арқасында қамаудағы азамат ауруханаға жеткізіліп, отбасы мүшелерімен кездесті. Соққыға жығылған ер адамның әйелі айтқандай, күйеуі болған оқиға жайында ләм-мим деместен, "бәрі жақсы болады, жазылып кетемін" деп қайталай берген. Бірақ әйел жақындай бергенде, "Аузымды ашсам, мені өлтіріп, өз-өзіме қол салғандай көрсетеді" деп құлағына сыбырлайды.
Аяжан Сүлекееваның сөзіне сүйенсек, дәрігерлер қорытындысына сәйкес күйеуінің миы шайқалып, көптеген дене жарақатын алған. Келіншек түрмеде не болғанын біле алмай дал болды.
Аманжол Тұраров бастапқыда лагерь әкімшілігінің ерікті көмекшілері азаптағанын айтып, олардың аты-жөнін жазып берсе де, кейін аяқ асты сөзін қайтып алып, абайсызда құлап жарақат алдым деген.
ЛА-1455/12 түзету мекемесінің басшысы Сырымбет Нұрмұхамбетов сотталған азаматтың соққыға жығылғанын теріске шығарып, ер адамның не себепті жарақат алғаннан кейін бес күннен соң ауруханаға жеткізілгенін түсіндірді.
"Біз Қапшағай ауруханасына апарып, рентгенге түсірдік, сол жерде жолдама берді. Жұма күні апаруымыз қажет еді. "Күз-қыс" режиміне ауысу шаралары жүріп жатқандықтан, жұма күні апара алмадық. Маған адвокат пен әйелі хабарласты, дүйсенбі күні апаруға уәде бердім. Сөйтіп, дүйсенбі күні жеткіздік, сол жерде қарап, компьютерлік томография жасады", — дейді ол.
Қылмыстық-атқарушы жүйе комитеті атап өткендей, азаптау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Шымкентте жазасын өтеушілер түрмедегі біраз былықтың бетін ашты