Экономика

Зейнетақы қорындағы ақша "Сарыарқа" газ құбырының құрылысына жұмсалады

"Сарыарқа" газ құбырын салу үшін зейнетақы қорынан 85 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр
Sputnik

АСТАНА, 16 қазан – Sputnik. Құны 267,3 млрд теңгені құрайтын "Сарыарқа" магистралды газ құбырына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 85 млрд теңге бағытталмақ. Бұл туралы үкімет отырысында энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Назарбаев: мұнай мен газ шығаратын ел бола тұра, сол газға тәуелді болып келдік
"Магистралды газ құбырын салу мақсатында "АстанаГаз-ҚМГ" жобалық компаниясының жарғылық капиталын 80,3 миллиард теңгемен, 102 миллиард теңге мөлшерінде банктерден алынған қарызбен және 85 миллиард теңге мөлшерінде "БЖЗҚ" АҚ зейнетақы активтерін "АстанаГаз-ҚМГ" облигацияларына инвестициялау арқылы толықтыру жоспарланып отыр", — деді вице-министр. 

"Сарыарқа" жаңа магистралды газ құбыры Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана бағыты бойынша тартылады. Одан әрі Көкшетау мен Петропавл қалаларын газдандыру мүмкіндігі қарастырылады. 

Досмұхамбетовтің айтуынша, осы жылдың 28 тамызында мемлекеттік сараптама "Сарыарқа" газ құбыры құрылысы бірінші кезеңі жобасының жобалық-сметалық құжаттамасына оң қорытынды берген. 

"Жобаның жалпы құнының 53%-і құбыр өнімдеріне кетеді, құрылыс-монтаж жұмыстары – 22% және тағы басқалары – 25%",- деді ол. 

"Сарыарқа" газ құбырын қазір жұмыс істеп тұрған "Бейнеу-Бозой-Шымкент" магистралды газ құбырына қосу жоспарланып отыр. 

"ҚазТрансГаз" АҚ жол картасына сәйкес, магистралды газ құбыры бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын бас мердігер анықталғаннан кейін, яғни болжаммен осы жылдың қараша-желтоқсанында бастап, 2019 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.