АСТАНА, 16 қазан — Sputnik. Қазақстандық бойжеткен Мәдина Пернеева дәрігерлердің бір қателігіне бола осы күнге дейін 15 рет ота жасатуға мәжбүр болған. Айтуынша, соңғы төрт жылда сыртқа тек бетперде киіп шығады. Мұнымен қатар, ота салдарынан бүлінген түрімен жұртты шошытып алмау үшін сыртта жүргенде тамақ жемеуге тырысады.
Бұл жайсыз жағдайға қалай тап болғанын Мәдина Пернеева өзі баяндап берді.
Осы жол апаты болған кезде бойжеткен көп қан жұтып, Түркістан қаласында оған шұғыл ота жасалды. Араға алты ай салып оған Корея дәрігерлері пластикалық ота жасап, бетін толықтай қалпына келтірген. Алайда шетелдік дәрігерлер жақ сүйек пен тісті емдей алмайтындарын айтып, басқа мамандарға жүгінуге кеңес берген.
"2016 жылы 20 сәуір күні облыстық аурухананың хирург мамандарына жолықтым. Олар "Сүйегің жұқарып кеткен, соны қалыңдату керек. Ол үшін сүйекті басқа жеріңнен ет кесіп алып қаптаймыз" деді. Ол етті бетімнің ішкі бөлігінен алса да, түрімнің еш бүлінбейтіндігіне сендірді. Наркоздан оянғаннан кейін тілімнің біртүлі болып тұрғанын сезіп, дәрігерлерден айна сұрадым. Айнадан өзімді көрген кезде жүрегім дүрсілдеп, жылап жібердім. Сол сәтте өзім жатқан ауруханадан қашып кеткім келді. Өз көзіме өзім сене алмадым", — деп ашынды бойжеткен.
Тағы оқыңыз: Дәрігер өзінің қателігін жасыру үшін науқасқа екі рет алдап ота жасаған
Мәдина Пернееваға жалпы жансыздандырумен 9 ота жасалған. Сондай-ақ, мамандар денесінің белгілі бір бөлігін жансыздандыру арқылы 6 ота жасаған. Дәрігерлер әр ота жасаған сайын бет-әлпетінің қайта қалыпқа келетінін айтып сендіріп отырған. Бойжеткен дәрігерлер қателігі салдарынан әлі күнге дейін құрбы-құрдастарымен еркін араласып, үйден шыға алмай отырғанын жеткізді.
Қазақстандық заңгер Тілеужан Кішкенебаев өз кезегінде дәрігерлерді бас бостандығынан айырғаннан гөрі олардан материалдық шығын өндіру әлдеқайда тиімді екенін айтып өтті.
"Қылмыстық кодексте "Дәрігердің өз жұмысына немқұрайлы қарауы" деген 317-бап бар. Оның ішінде науқасқа келтірілген зиянға байланысты ауыр немесе орта дәрежедегі секілді болып бөлінеді. Дәл қазір қарындасымызға қандай дәрежеде зиян келгенін білмеймін. Бұл нақты қателік салдарынан болып отырған жағдай. Қателеспейтін адам болмайды. Сондықтан бұл қыздың әрі қарайғы болашағы үшін қандай да бір қаражат керек болса, осы мәселені қарастыру керек", — деді Тілеужан Кішкенебаев.
ҚР ҚК 114-бабында денсаулыққа абайсызда ауырлығы орташа зиян келтіру — кінәлі азаматқа жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе екі айға дейінгі мерзімде қамауға алынады.
Тағы оқыңыз: Дәрігер отадан кейін науқасты зорлап тастады
Ал абайсызда денсаулыққа зиян келтіру — кінәлі азаматқа мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады, сондай-ақ, бір жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айырылуы мүмкін.