Қоғам

Назарбаев Шерхан Мұртазаның қазасына байланысты көңіл айтты

Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 86 жасында қайтыс болды
Sputnik

АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, президент Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

Шерхан Мұртаза дүниеден озды

"Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды", — делінген жеделхатта.

Назарбаев Шерхан Мұртазаның қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелегенін, қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанғанын, халық "Шерағаң" деп қадір тұтқанын атап өтті.

Сонымен бірге, Елбасы марқұм жазушы Теміртаудағы еңбек жолының тікелей куәсі болғанын, Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалаған жылдарда да жанында жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосқанын еске алды.

"Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін", – деді президент сөз соңында.

Тағы оқыңыз: