АСТАНА, 9 қазан — Sputnik. Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза 86 жасында дүниеден озды. Бұл туралы Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының жетекшісі Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Халық жазушысы Шерхан Мұртаза өмірден өтті", — деп жазды ол.
Шерхан Мұртаза Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Талапты ауылында 1932 жылы туған.
1955 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.
1980-1989 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, 1989-1992 жылдары "Егемен Қазақстан" газетінің бас редакторы.
1990-2004 жылдар аралығында бірнеше рет парламент депутаты болды.
1992-1994 жылдары "Қазақстан"мемлекет телерадио компаниясының төрағасы қызметін атқарды.
Тұңғыш кітабы — "Құрылысшы Дәку" очерктер жинағы 1958 жылы жарық көрді. "Табылған теңіз" (1963), "Бұлтсыз күнгі найзағай" (1965), "Белгісіз солдаттың баласы" (1967), "Мылтықсыз майдан" (1969), "41-жылғы келіншек" (1972), "Ахметжанның анты" (1973), тағы басқа повестері мен "Интернат наны" (1974), "41-ші жыл келіні", "Жүрек қартаймайды"атты әңгімелер жинағы жарияланды.
"Қара маржан", "Қызыл жебе", Қара алқа", "Қызыл садақ" роман-трилогиясы басылды.
"Сталинге хат", "Бесеудің хаты", "Бесінші бұрыш" пьесаларының авторы.
"Құрмет белгісі", "Отан" ордендерімен марапатталған (1999). "Қара алқа" романы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының (1978); Қазақстандық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы, Жалпыодақтық Лениндік Коммунистік Жастар Одағы, "Тарлан" тәуелсіз сыйлықтарының лауреаты (2000). ҚазКСР мәдениетіне Еңбек сіңірген қызметкері. Қазақстанның Халық жазушысы (1992). Қырғыз Республикасының Халық ақыны.