Экономика

Қазақ дәл қазіргідей ешқашан өмір сүрген жоқ – Елбасы

Назарбаев Шымкенттегі кеңесте мемлекет қаржысын есептеп, үнемдеуді үйрену керектігін атап өтті
Sputnik

ШЫМКЕНТ, 29 қыркүйек — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Шымкентке жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте елдің жалпы жағдайына тоқталып, мемлекет қаржысын үнемдеуді үйрену керек екенін ескертті, деп хабарлады өңірдегі тілшісі.  

 Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентте театр, цирк сынды мәдени орындар жетерлік, ал кейбір қалаларда мұндай орындарды табу қиын екенін айтты. Қала басшылығы алдағы уақытта Шымкенттің туризм саласын дамытуды мықтап қолға алу қажеттігін атап өтті.

Назарбаев Шымкентті Өзбекстан астанасымен салыстыра сөйледі

"Қазақстанды білмейтін, бірақ көргісі, келгісі келетін жұрт көп. Ол үшін теміржол, әуежай, қоғамдық көлік жағын реттеу керек. Шымкент туристер үшін тартымды орталыққа айналуы керек. Халықаралық деңгейде даму қажет… Өздеріңіз көріп отырсыздар, Өзбекстанмен қазір қарым-қатынасымыз жақсы. Бизнестегі қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Қаланың жаңа мәртебесі құрылыс саласының дамуына оң әсерін тигізеді деген ойдамын. Шымкенттің өз келбеті, сәулеті болуы қажет. Шымкентке жеке қала деген атақ берілді. Сондықтан осы мүмкіншіліктің бәрін пайдаланып, алдағы уақытта жұмыс істеу керек", —  деген Елбасы қалада құқық қорғау саласына қатысты сынның бар екенін, тек жұмыс істейтіндердің жалақысын арттыру керектігін айтты.

Мемлекет басшысы елдің жағдайы туралы ойымен бөлісті.  

"Біз әлі күнге дейін мемлекет ақшасын үнемдеуді үйренгеніміз жоқ. Қалай болса, солай шашамыз. Ешкім есептемейді… Негізі елдің жағдайы жаман емес қой. Қазақ дәл қазіргідей ешқашан өмір сүрген жоқ. Әлі де талай жақсылық алда", — деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, мемлекет басшысы бүгін жергілікті билікпен кеңес өткізбес бұрын Шымкент қаласының әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болды. 

Назарбаев газбен жүретін көліктерге басымдық беруді тапсырды

"Shymkent"  ӘКК төрағасы Рашид Аюпов үшінші мегаполисті цифрландыру жобалары, мәселен, мобильді қосымша арқылы дәрігерді үйге шақыру, қабылдауына есепке тұру, "Қауіпсіз қала", "Қоғамдық көлік" жобалары туралы баяндама жасады. 

Шымкенттегі Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы Астана қаласының 20 жылдығына орай ашылған. Онда тұрғындарға кәсіпкерлік, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бойынша қызмет көрсетіледі.