"Жылап жібере жаздадым" Досқалиев жанына қатты батқан қайғылы оқиға туралы айтты

Экс-министр, танымал хирург Жақсылық Досқалиев отандық медицинадағы өзекті мәселелер төңірегінде өз ойымен бөлісті
Sputnik

АСТАНА, 27 қыркүйек — Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Белгілі хирург, профессор, медицина ғылымдарының докторы, трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының директоры Жақсылық Досқалиев Sputnik тілшісіне берген сұхбатында ағза трансплантациясы саласындағы өзекті мәселелер, Қазақстанда қанша адам донорға зәру екенін, бауыр ауруына неліктен қыз-келіншектер көп шалдығып жатқанын айтып берді.

- Жақсылық Ақмырзаұлы, соңғы уақытта Қазақстанда өзгенің органына мұқтаж адамдар саны көбейіп кетті. Әрине, бұрын да мұндай адамдар көп болған, тек олардың сырқаты аз анықталған болар. Дегенмен, анау-мынау емге көнбей, орган ауыстыруды талап ететін адамдар қатарының артуына қандай да бір нақты себеп бар ма? 

Оралда шымкенттік бейтаныс қызға бүйрегін берген жігіт үйленді

— Бұның екі факторы бар. Біріншісі, дұрыс айтып отырсыз, қазір зерттеу түрлері көп, мемлекет тегін скринингтер өткізеді. Сәбилерден туа сала әртүрлі анализдер алынады. Ал, ересектерге тоқталсақ, қазір біздің адамдардың арасында В гепатиті, С гепатиті мен "Дельта" гепатиті расымен көбейіп барады. Бұның себебі не деген сұраққа жауап беріп көрейін. 

Ең бірінші, әйел адамдарға қатысты мына мәселені айтқым келеді. Қыз-келіншектер кез келген жерде татуировка, татуаж жасатады. Тістерін көп емдейді. Маникюр, педикюрді де неше түрлі салоннан жасай береді. Ал, ол салондардың ондай қызмет түрлерін көрсетуге рұқсат алған лицензиясы бар ма, жоқ па, оған қарамайды. Әйел адамдарың көбі интернеттен бағасына қарайды да, арзанына бара береді. Соңғы кезде қыз-келіншектеріміз косметологияға қатты құмартып кетті ғой: қастарын, көздерін, мұрындарын, құлағын өзгертеді. 

Одан өзге, шетелге демалып барып, ауру жұқтырып келетіндер бар. Шетелде де тісін емдетіп, түрін өзгертіп келетіндер көп. Ал, бауырдың қабынуы бір күнде, бір айда біліне қоятын ауру емес. Ол үш-төрт жыл бойы бауырды іштей жеп, ақыры жұмысқа жаратпай тастайды. Ең өкініштісі, қазір Қазақстанда жалындаған жастар, яғни, қоғамға қызмет ете алатын еңбек жасындағы азаматтар осы бауыр ауруына көп шалдығып жатыр. 

Ал, бүйрек ауруларына келсек, Қазақстанда ғана емес, басқа жерлерде де бүйрек қабынуы, яғни, бүйректің істен шығуы аурулары бар. Жалпы, адам диализ диагнозымен өмір сүре алады, бірақ диализбен өмір сүру мерзімі де қысқа. Ұзаса, он-он бес жыл. Бірақ, бұл ауруға шалдықтым деу – мүгедек болдым деген сөз. Міне, қазір көбіне осындай органдарын ауыстыруды талап ететін науқастар көбейіп тұр. 

Тағы оқыңыз:

- Сонда қаншалықты көп? Яғни, Қазақстанда неше адамның өмір сүруге аса қажет органдарын ауыстыру керек?

- Дәл қазіргі статистиканы алсақ, диализ диагнозын қоспағанда, Қазақстанда 2700 адамның бүйрегін ауыстыру керек. Ал, 1500 адамның бауырын осы екі ай ішінде шұғыл түрде ауыстыру қажет. Әйтпесе, олар қайтыс болып кетеді. Жүз елуге жуық адамның жүрегін бүгін-ертең ауыстырмаса, кеш болады. Қазір жүрегінің жартысын медициналық арбаға салып алып, сүйреп жүрген адамдар бар. Отыз шақты адамның өкпесін ауыстыру керек. 

- Бұл адамдарды құтқарудың бір ғана жолы — дұрыс донор табу ғой, сонда?

— Ия, бұл адамдардың өмірін сақтайтын жолдарды іздеп отырамыз. Қазір Қазақстанда мәйіттен және тірі адамнан донор алынады. Тірі адамнан алған кезде міндетті түрде туыс болуы шарт емес. Ең бастысы, ген мен ағзаның бір-біріне сәйкес келуі. Тірі донор клиникаға келерде нотариустен "азғамды тегін, өз еркіммен беріп отырмын" деген хат әкелуі керек. Яғни, Қазақстанда орган саудасына заңмен тыйым салынған. Егер ақшаға сатқаны анықталса, сотталады. 

Қазақстанда өкпе ауыстыру бойынша жасалған алғашқы ота сәтті шықты

Қазақстанда қазір донор ауыстыратын 7 орталық бар. Ақтөбеде бауыр мен бүйрек ауыстыратын орталық, Шымкентте бауыр мен бүйрек, Алматыда бауыр мен бүйрек ауыстыратын, Өскеменде бүйрек ауыстыру орталығы ашылды. Ал, Астанада осы орталық бүйрек пен бауыр ауыстырады. Ана мен бала орталығында балалардың бауыры мен бүйрегі ауыстырылса, кардиохирургия орталығында жүрек ауыстырады.

Қазақстанның аймақ-аймағынан орталықты көбейтудің себебін сұрайтындар көп. Себебі айтпаса да түсінікті сияқты: өзіңіз ойлап қараңызшы, мәселен Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы бір ауылда адамның бүйрегі не бауыры ауырды делік. Ол жерден Астанаға дейін екі мың шақырым жер. Онсыз да бүйрегі ауырып тұрған адам мұндай жолды жүріп өте ала ма? Тіпті, Өскеменге дейін 600-700 шақырым, соған шыдаса да дәрігерлер үшін үлкен жеңіс.

Бір айтатыным – бұл операциялардың бәрі тегін. Операциядан кейінгі дәрілері де тегін. Бауырын не бүйрегін ауыстырған жас қыз-жігіттер тұрмыс құрып, тіпті балалы болып, бақытты өмір сүріп жатыр. Денсаулығына жауапсыздық танытатындар да бар, олар кішкене жазылған соң, сол тегін беріп жатқан дәріні уақытында қабылдамай, ауруын тағы асқындырып келіп тұрады. 

- Келесі сұрағым осы мәселе төңірегінде. Жақсылық Ақмырзаұлы, мықты дәрігер және денсаулығына өте күтіммен қарайтын адам ретінде айтыңызшы, біздің халықтың өз денсаулығына деген көзқарасына көңіліңіз тола ма? Адамдар кейде қолда бар алтынның қадірін білмей, ауырмайынша, денінің саулығына немқұрайлы қарайды. Шылым шегеді, ішімдік ішеді. Дұрыс тамақтану қымбат, күні-түні жұмыс істемесе, ақша жетпейтінін алға тартады да, денсаулықты жақсартатын қарапайым тәсілдер – спорт пен демалысты ұмытады. Бұған не дейсіз?

Ақтөбеде қызы анасына бауырын бөліп берді

— Дұрыс айтасыз. Қазақстандықтарды өзге елдердің азаматтарымен, мәселен, Еуропа, шығыс елдерінің, тіпті Қытай халқымен салыстырсақ, спортқа көңіл бөлмейтінін көріп жүрміз. Қытай қалаларының таңғы тіршілігін бақылап тұрсаңыз, кішкене баладан жасы жеткен қарияға дейін таңертең жаттығу жасап жатады, жүгіріп жүреді. Ал, қазақстандықтардың, бірең-сараңы болмаса, керек қылмайды. Жалпы, қазақ халқының төзімділігі дейін бе, немқұрайлығы ма, білмеймін, денсаулығына уақытында әрі керек деңгейінде көңіл бөлмейді. Мысалы, Қазақстанда өте бір жақсы бағдарлама – скрининг жасау бағдарламасы бар. Көбіне, әйел азаматтарды төс безі мен жатырын жылына бір рет тегін тексеруден өткізіп береді. Мақсаты – төс безі мен жатырында ісік бар ма, жоқ па, соны ерте анықтап бере алады.

Өзінің тұратын мекен-жайы бойынша емханаға жылына бір рет, тегін барып бірнеше сағатын бөліп, тексеріліп қайтса болды. Сау болса, қуанамыз, сырқаты болса, ерте анықтаймыз. Бірақ, соған баратын әйел азаматтардың қатары аз-ақ. Жарайды, бұны халық әлі білмейді дейік. Ал, қазір әрбір азаматқа емхана таңдау құқығы беріліп жатыр. Білуімше, бұл науқан желтоқсанға дейін жалғасады.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұл мәселе бойынша жақсы ақпарат таратып жатқанын білемін. Телеарна болсын, радио болсын, "барып, өз емханаңыды өзіңіз таңдап алыңыз" деп күнде қақсап жатады. Бұл да тегін процесс. Тек барып, өтініш жазып, сол емханаға тіркеліп қою керек. Бірақ, халық тағы да салғырттық танытып жатыр. Енді әбден уақыт өткеннен кейін, яғни, ауырғанда дәрігерге барып, тіркелмегенін анықтағанда, тағы да дау басталады. Ақшаға да, қымбатшылыққа да қатысы жоқ, екі мысал. Тегін барып, тегін тексерілу, тегін тіркелу. Бірақ, барып жатқан адам аз.

Неге? Міне, төзімділік пе, немқұрайдылық па, білмеймін. Бәлкім, қанымызға басқа түсініктер көп сіңіп кеткеннен бе екен!? Бұрын қазақ қайтып амандасқан? "Мал-жаның аман ба?" деп, алдымен малды, сонан соң жанды сұраған. Ал, совет үкіметі кезінде ауданның бірінші хатшысына күнде таңертең есеп келеді. Әлгі есепті қарасаңыз, "өткен түні мынандай ауылда осынша мал төлдеді, екі бұзау, он қозы алдық" деп, мал саны түгенделеді. Ал, ол ауылдың адамдарынан ауырғандары бар ма, өлгендері бар ма, ол маңызды болмады.

Бәлкім, біздің ата-анамыздың денсаулыққа деген көзқарасы осыдан барып өзгерген шығар. Бірақ, қазір заман жастардың заманы. Тәуелсіздік құрдастарының алды отызға таяды. Ендігі үміт соларда. 

- Трансплантология мәселесіне қайта оралсақ. Орган ауыстыруда дау тудырып жүрген мәселенің бірі – донор табу. Қапыда қаза тауып жатқан адамдардың сау органдары талай адамның өмірін құтқарар еді деп көп айтып жүрсіз. Ал, сол марқұмдардың туыстары болса әлі де органдарын беруге қарсы. Бірақ, заң жүзінде қайтыс болған адам тірі кезінде "қарсымын" деген қолхат қалдырмаса, оның ағзаларын алу үшін жақындарының рұқсаты керек емес екенін халықтың көбі әлі білмейді. Өйткені, олар әлі де болса "менің рұқсатымды алмай, органын алып қойды" деп еңірейді. Осы адамның органдарын ауыстыру туралы заң халыққа қаншалықты кең таралып, дұрыс түсіндіріліп жүр?

— Ол заң айтылып та жүр, айтыла береді де. Міне, сізге ол заңды ұстап тұрып көрсетейін (Жақсылық Ақмырзаұлының құжаттарды "әкеліп бер" дейтін хатшысы жоқ, жас баладай өзі жүгіріп барып, әкеле салады, кабинетіне кіру үшін де ешкімнің алдында күтіп отырмайсыз — автор). "Денсаулық сақтау жүйесіндегі халық денсаулығы туралы" кодексте "Ағза мен адам терісін трансплантациялау туралы" жеке бап бар. "Трансплантацияланатын донор адамнан, мәйіттен не жан-жануарлардан алынады" делінген. Яғни, тіпті жан-жануар мен малдардан да ағза алуға болады деп жазылған.

Тағы оқыңыз:

Бірақ, біз ол тәжірибені көп қолдана бермейміз. Тек жасанды тері жасау үшін малдың шарып майының пердесі алынады. Бұл бапта "адам тірі кезінде өзі не жолдасы, не балалары медициналық ұйымдарға "өлгеннен кейін ағзаларымды (ағзасын) донорға алуға қарсымын (қарсымыз)" деген қолхат қалдырмаса, ол өлгеннен кейін мәйітінен донор алу үшін жақындарының рұқсатын сұрау міндет емес" деген тармақ бар. Яғни, дәрігер адамның миы өлгеннен кейін басқа оның азғаларын алу үшін жақындарынан рұқсат сұрамауына болады. Бірақ, біз жақындарының көңіліне қаяу түспесін деп, жағдайды түсіндіріп алдарынан өтеміз. Ал, заң бойынша рұқсат сұрамауына да болады. 

- Ал, сіздің бұл мәселеге қатысты жеке пікіріңіз қандай?

— Мен жақындарының келісімі болған жөн ғой деп ойлаймын. Рұқсат сұрамасақ, халықты ренжітіп алуға болады. Сосын, кейбір азаматтарда "емдегісі келмеді, тек ағзасын алғысы келді" деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Сондықтан, алдынан өтуді жөн көремін. 

- Жақсылық аға, енді әріптестеріңіз туралы біраз әңгімелессек. Қазақстанда қарапайым санитарлардан бастап, операция жасайтын мықты дәрігерлердің жалақысы еңбегіне сай деп ойлайсыз ба? 

Мұғалімдер мен дәрігерлерге пәтер алуға миллион теңгеден көмек беріледі

— Жоқ, дәрігерлердің қазір алып отырған жалақысы еңбектеріне сай емес. Қазір дәрігерлердің екі тобы бар: мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін дәрігерлер мен жекеменшік емханаларда жұмыс істейтін мамандар. Мемлекеттік аурухана мен жекеменшік ұйымдардағы жалақыны салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Қазір Қазақстанның мемлекеттік емдеу орындарында институтты жаңа бітірген жас маманның базалық жалақысы – 56 мың теңге. Ол ақша тіршілікке жетпейтіні анық.

Сондықтан, ол маман күндіз бір жерде, түнде екінші жерде, тіпті, үшінші клиникада да жұмыс тауып жатады. Демалмаған соң, шаршап келеді де өзінің негізгі жұмысына бүкіл күш-жігерін сала алмайды. Сондықтан, мен ылғи да айтатыным, дәрігерлердің жалақысын арттыру керек. Енді, 2020 жылдан бастап, іске қосылатын бірыңғай медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылса, мемлекеттік ауруханалардағы жалақы артады деген үміт бар. 

- Соңғы уақытта дәрігерлердің салғырттығынан адам өлді деген әңгіменің көбейіп кеткеніне осы фактор себеп деп ойламайсыз ба? Жалпы, айыпталып жатқан әріптестеріңізге тоқталсақ, ауыл-аймақ емес, Астанада сәбилер тумай жатып жетім атануы, тіпті, маса шағып, ауруханада көз жұмған әйелдің оқиғасы – осы фактордың салдары емес пе? Әлде, расымен, дәрігерлердің білімі төмен бе?

Астанада маса шаққан келіншектің неліктен көз жұмғаны белгілі болды

— Мен сараптама қорытындысын көрмей жатып, ол марқұмдардың неден қайтыс болғанын, кім кінәлі, кім жазықты екенін айта алмаймын. Әр жағдайда асықпай, өте дұрыс сараптама жасау керек. Сонда ғана, шын себебі анықталады. Мысалы, кеше ғана менің бір туысқаным көз жұмды. Таңертең балаларын мектепке жіберіп, күйеуімен бірге шай ішіп отырған жерінде, күйеуінің иығына басын қойған да жүріп кеткен. Аяқ астынан жүрегі тоқтап қалған. 51 жастағы жас келіншек. Астанада тұрады. Артынан қалғандар зар илеп қалды. Енді, бұл жерде кімді кінәлайды?

Яғни, әртүрлі оқиға, әртүрлі тағдыр бар. Бірақ, бір дүниені сеніммен айта аламын — ешқандай дәрігер алдындағы науқасын өліп қалсын деп ойлаймайды. Ешқашан! Біздің берген антымыз бар. Сондықтан, еш дәрігердің тек емдесем екен деген ғана ниеті бар. Үстіңе ақ халат кигенде рас, бойыңды басқаша сезім билейді. Оны дәрігерлер ғана түсінер. 

- Сізде де сондай қайғылы оқиғалар болған шығар…? Сіз дәрігер ғана емес, адамсыз. Операция үстеліңізде адам өлгеннен кейін жүрексініп кеткен сәттер болды ма?

— Ондай сәттер кездесті. Өте бір жаныма батқан оқиғалар әрдайым есімде жүреді. Жастау кезімде Ақтөбе облысында ауданда балалар хирургы болып жұмыс істедім. Бір күні соқырішегі ішіне жарылып кеткен ұл баланы әкелді. Операция жасасақ та, баланы құтқара алмадық. Соқырішектен қаза тапты деп сөз жүрді. Тура бір жылдан кейін дәл сол отбасыдан екінші ұлы тағы соқырішек диагнозымен түсті. Тура ағасының халіндей, ауыр жағдайда түсті. Операция жасадық, бірақ ол науқас та өліп кетті. Сөйтіп, екі ұлы да осы аурудан қайтыс болды. Енді бір жылдан кейін түннің ортасында тағы бір баласын әкеліп тұр.

Тағы оқыңыз:

Тағы соқырішек. Жылап жібере жаздадым. "Енді мына баласын "өлтіріп" алсам не болады?" деп, зәрем қалмады. Көлікке салдым да, 35 шақырым жердегі Ақтөбеге апарып, жағдайды түсіндірдім. "Маған көмектеспесеңіздер, мен қорқамын, қолым бармай тұр енді мына баласын өлтіріп алсам қайтемін" деп, сол облыстық аурухананың дәрігерлерінен көмек сұрадым. Бірақ, абырой болғанда, үшінші баласының ауруы бір күн ғана басталған екен, сөйтіп, әріптестерімнің көмегімен ол баланы аман алып қалдық. Ол баласы тірі, қазір үлкен жігіт. Сондықтан, өкінетін жағдай көп…

- Жақсылық Ақмырзаұлы, қазір өз денсаулығыңыз қалай? Әлі де сегіз саусақпен операция жасап жүрсіз ба?

— Ия, 12 сағатқа созылатын бауыр ауыстыру операцияларын да жасап жүрмін. Екі айдан кейін зейнетке шығамын. Зейнетке шықсам да, жұмыстан қол үзбеймін. Бірақ, мен орнымды босатпай, жетпіс-сексенге келгенше отырып аламын деп тұрған жоқпын. Мен тек жастарға білмейтіндерін үйретіп, қиын операцияларда жанында боламын деп отырмын. 

- Жасыңызға жас қосылып, әлі де талай адамның жанына араша болып жүре беріңіз!