АСТАНА, 27 қыркүйек — Sputnik. Қазақстан Республикасы "Сырбар" сыртқы барлау қызметінің директоры ауысты. Аталған лауазымды "Сырбар" сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары Исатай Бақтиярұлы Сартаев иеленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ақордаға сілтеме жасап.
Исатай Бақтиярұлы Сартаев Қазақстан Республикасы президентінің өкімімен "Сырбар" сыртқы барлау қызметінің директоры болып тағайындалды.
"Мемлекет басшысының Өкімімен Исатай Бақтиярұлы Сартаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы "Сырбар" сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары қызметінен босатылды. Исатай Бақтиярұлы Сартаев Қазақстан Республикасы "Сырбар" сыртқы барлау қызметінің директоры болып тағайындалсын", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, мемлекет басшысының өкімімен Нұрлан Оразұлы Оразов Қазақстан Республикасы "Сырбар" сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасы "Сырбар" сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары қызметінен босатылды.
Барлаудың экс басшысы Ғабит Байжанов президенттің көмекшісі — Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды.