АСТАНА, 27 қыркүйек — Sputnik. Ішкі істер департаментінің бедеуліктен емделіп жүрген қызметкері Шымкенттегі емханада көз жұмды.
"Отырар" басылымының хабарлауынша, қайғылы жағдай қаладағы жекеменшік медициналық орталықтардың бірінде болған.
Туыстарының айтуынша, ер адам ем қабылдау кезінде кушеткада жатып көз жұмған. Марқұмның отбасы ер адамға дәрігерлер алдын ала сынама жасамай укол салғанына сенімді. Ал медбике өз кезегінде ешқандай инъекция болмағанын айтқан. Алайда туыстары ер адамның денесінен укол ізін тапқан.
"Әйел гинекологқа кеткен, ал оған алты укол салған. Осы кезде ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтады. Дәрігер оны кушеткаға жатқызып, тамызғышпен дәрі құяды. Ол осы сәтте көз жұмды", — деді отбасы мүшесі.
Шымкент ішкі істер департаменті марқұмның өздерінде жұмыс істегенін хабарлады. Оның қайтыс болғаны туралы ақпарат 25 қыркүйек күні келіп түскен.
Алматыда жантүршігерлік жол апатынан екі адам өлді
Болған жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Қылмыстық кодекстің 317-бабы "Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы" бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.