Қоғам

Қазақстанда бет-әлпетті тұмшалайтындарға қанша айыппұл салынады?

Сенат деструктивті діни ағымдарға жататынын көрсететін киім-кешекті киюге тыйым салуды көздейтін заң жобасын тиісті түзетулермен мәжіліске кері қайтарды
Sputnik

АСТАНА, 27 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда деструктивті діни ағымға жататынын көрсететін киім-кешекті қоғамдық орындарда кигендерге қанша айыппұл салынуы мүмкін екені белгілі болды, деп хабарлайды тілшісі. 

Бүгін сенатта "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды. Сенаторлар заң жобасына бірқатар өзгеріс енгізіп, мәжіліске кері қайтарды. 

Сенат бетті тұмшалайтын киімге тыйым салатын заң жобасын мәжіліске қайтарды

Сенат енгізген түзетулерде "деструктивті" киім кигендерге салынатын айыппұл сомалары көрсетілген.  

Деструктивті діни ағымдарға жататынын көрсететін сыртқы атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдалану, киіп жүру және тарату – ескерту жасауға не жеке тұлғаларға 50 АЕК (қазір елімізде 1 АЕК 2405 теңгеге тең, тиісінше 120 250 теңге), заңды тұлғаларға 100 АЕК (240 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді;

Жалпы діни радикализм көрінісі үшін ескерту немесе жеке тұлғаларға 50 АЕК (120 250 теңге), заңды тұлғаларға 100 АЕК (240 500 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған;

Егер мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық банк бюджетінің қаражатынан қаржыландырылатын ұйым қызметкерлері қызмет бабын діни бірлестіктердің мүддесіне пайдаланса, немесе біреуді діни жораларға және дінді оқып-үйренуге қатысуға мәжбүрлесе (егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса) жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 10 АЕК (24 050 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін;

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта жасалған әрекет (әрекетсіздік) жеке тұлғаларға 200 АЕК (481 000 теңге), лауазымды адамдарға 300 АЕК (721 500 теңге), қызметіне тыйым сала отырып, заңды тұлғаларға 500 АЕК (1 202 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға  әкеп соғады.