Оқиға

Алматыда полицей әріптесіне оқ атты: министр істің мән-жайын айтты

Жәбірленуші кеше 21:00-де ауруханада көз жұмған, қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды
Sputnik

АСТАНА, 27 қыркүйек — Sputnik. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Алматыда полицейдің әріптесіне оқ атуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әріптесі оқ атқан полицей ауруханада көз жұмды

"Кінәлі адам кешке таман жұмысқа келген, қару алған. Автокөлік алу үшін гаражға барғанда, ол жерге оның туысқаны — әпкесінің күйеуі келеді. Олардың үш баласы бар, бірақ ол отбасынан кетіп қалған. Әйелімен бірге тұрмайтынына алты ай болған. Әлгі адам (қаза тапқан полицей — Sputnik) кезекшілігін тапсыруға келгенде, араларында кикілжің шығып, ол (күдікті — Sputnik) оқ атады", — деді министр.

Қасымов аталған фактіге қатысты адам өлтіру бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

"Жәбірленуші кеше сағат 21:00 шамасында көз жұмды. Өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр", — деді ол.

Еске сала кетсек, кеше Алматы қаласында жергілікті полиция қызметінің инспекторы әріптесіне оқ атты. Жәбірленуші бірден ауруханаға жеткізілген.