АЛМАТЫ, 26 қыркүйек — Sputnik. Әріптесіне оқ атқан полицей жәбірленушінің туысы болып шықты. Бүгін болған оқыс оқиғаның мән-жайын ҚР ІІМ реми өкілі Алмас Сәдубаев Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
"Олардың арасында тұрмыстық-отбасылық сипаттағы кикілжің туындаған. Барлығы қаланың жергілікті полиция қызметі территориясында болған. Екеуі нарядқа түсерде әдеттегідей қару алып, біреуі қылмысқа барған: тапаншадан оқ атты", — деп түсіндірді Сәдубаев.
Sputnik Қазақстан мәліметінше, оқ тиген полицей қаладағы орталық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Медицина қызметкерлері оның жағдайы туралы ақпарат айтудан бас тартты.
Естеріңізге сала кетсек, 6 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысында құқық қорғау органының қызметкері аудандық ішкі істер бөлімінің ауласында өзінің бастығына оқ атқан еді. Полицей дәрігерлер келгенге дейін көз жұмды.