ҚЫЗЫЛОРДА, 23 қыркүйек — Sputnik. Қызылорда облысының әкімшілігі құлайын деген екіқабатты үйде тұрып жатқан азаматтарға берген уәделерін орындап, оларды жаңа үйге көшірді.
Естеріңізге сала кетсек, наурыз айында Аралда екіқабатты екі үйдің ортасын жалғап тұрған бөлік құлап кеткен-ді. Ертесінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 19 пәтер иелерімен кездесіп, көп ұзамай олар үшін жаңа үй салынатынын айтты. Сондай-ақ, әкім осы отбасылардың жер үйге көшірілетінін хабарлады.
Осы кезде Аралдың Аралтұз көшесінде сегіз отбасы тұрып жатқан апатты үй болды. Осы адамдар үшін де жаңа үй салынатын болып шешілген-ді.
Облыс әкімнің орынбасары Руслан Рүстемовтің айтуынша, бюджеттен 310 миллион теңге бөлінді. Бір маусымда тұрғызылған үйлер аралдықтарға ұнаған екен.
Елімізде пәтерді заңсыз беретіндердің басына қара бұлт үйірілді
"Біз бұрынғы үйде 20 жылдан астам уақыт бойы тұрдық. Екіқабатты үйіміз құлап жатқанның өзінде ол жерден кету қиынға соқты. Бізге уақытша үй қарастырып, бастапқы күндері тамақпен қамтамасыз етіп, балаларымызды мектептеріне апаруға көмектескен әкім мен өзге де адамдарға алғысымыз шексіз", — деді Оразгүл Лашынова.
Дәл қазір әр үйдің аумағы — 60 шаршы метрден. Сондай-ақ, олардың барлығы жарық және сумен қамтылған. Бұдан өзге компания әр үйге тегін газ кіргізіп, "Отау ТВ" орнатып берді.