Спорт

Головкиннің "Канелодан" жеңілгеннен кейін неге үндемей кетіп қалғаны белгілі болды

Өткен аптада Лас-Вегаста өткен Головкин-Альварес жекпе-жегі мексикалық боксшының жеңісімен аяқталған болатын
Sputnik

АСТАНА, 21 қыркүйек — Sputnik. Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес боксшының "Канелоға" қарсы жекпе-жектен кейін неге америкалық комментатор Макс Келлерманға сұхбат бермегенін түсіндірді, деп хабарлайды Sports.kz.

Головкин кәсіби бокста алғаш рет жеңіліс тапты

"Канело" үшін рингте үлкен мереке еді, Геннадий мені шақырып: "Оның уақытын алмаңыздар. Бұл оның сәті. Біз сұхбатты кейінірек те береміз" деді. Осылайша ол "Канелоға" жеңісті сәттің қызығын сезінуге мүмкіндік берді. Қызбалықпен талай сөздер айтылды, кейбір тақырыптар көтерілді. Дегенмен де бұл сәтті "басуға" ешқандай себеп жоқ. "Канелоның" жеңісті сәті болып қала берсін", — деп жазды Санчес Reddit-тегі конференциясында.

Еске сала кетсек, 16 қыркүйекте Лас-Вегаста қазақстандық боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварестің қарымта жекпе-жегі өтті. 12 раундқа созылған кездесу төрешілер шешімімен Альварестің жеңісімен аяқталды. Осылайша, отандасымыз барлық чемпиондық белбеуінен айырылып қалды.

Қос боксшы бұған дейін 2017 жылы шаршы алаңда қолғап түйістіріп, тең түскен еді.