АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Белгілі әзербайжандық жазушы-түркітанушы, тарихшы, публицист Юнус Огуз Нұрсұлтан Назарбаев туралы роман жазып жатыр. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан "Қазіргі заманғы сөз энергиясы" халықаралық әдеби форумында белгілі болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Төрт жылдан бері Нұрсұлтан Назарбаев туралы материалдар жинап жүрмін. Келесі жылы ол туралы роман жазып, сіздердің назарларыңызға ұсынамын деген ойдамын", — деді Юнус Огуз форум барысында.
Айта кетсек, елордадағы Тәуелсіздік сарайында "Қазіргі заманғы сөз энергиясы" атты Еуразиялық әдеби форум басталды. Шараның салтанатты ашылу рәсімінде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз сөйлеп, халықаралық форум мәдениетіміз бен әдебиетімізді әлем жұртшылығына таныстыру үшін берілген бірден-бір мүмкіндік екенін атап өтті.
"Қазақ әдебиетінің бүгінгі қал-ахуалы баршамызды алаңдататыны даусыз. "Ел әдебиетін қайтсек әлемге танытамыз?" деген мәселе баршамызға ортақ. Ендеше түрлі мемлекет өкілдерімен мәдени және әдеби байланыс орнату мақсатында өткізіліп отырған бүгінгі шараның орны ерекше", — деді министр.
Оның айтуынша, мұндай ауқымды шара елімізде соңғы рет 1973 жылы өткен. Араға жарты ғасырға жуық уақыт салып Қазақстан елордасы – Астана форум қонақтарына құшағын айқара ашып отыр.
Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы туралы не білеміз?
"Жаңа замандағы әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерін Астанада қарсы алу – ұлтымыз үшін үлкен абырой және зор жауапкершілік! Осы ретте, Мемлекет басшысының "Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек" деген қанатты сөзін тағы бір еске алуды жөн көріп отырмын. Бүгінгі шара, мәдениетіміз бен әдебиетімізді әлем жұртшылығына таныстыру үшін берілген бірден-бір мүмкіндік", — деп сөзін түйді Мұхамедиұлы.