АСТАНА, 19 қыркүйек — Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Ғабит Байжанов Қазақстан президентінің көмекшісі — Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
"Ғабит Жақыпбайұлы Байжанов Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі — Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы "Сырбар" Сыртқы барлау қызметінің директоры қызметінен босатылсын", — делінген жарлық мәтінінде.
ҚР президентінің көмекшісі — Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы міндетін уақытша атқарып келген Марат Шайхутдинов қызметінен босатылды. Ал "Сырбар" сыртқы барлау қызметі директорының бірінші орынбасары Исатай Сартаевқа "Сырбар" сыртқы барлау қызметі директоры міндетін уақытша атқару жүктелді.
Сондай-ақ, мемлекет басшысының өкімімен Күзембек Әденов басқа жұмысқа ауысуына байланысты "Сырбар" Сыртқы барлау қызметі директорының орынбасары қызметінен босатылды. Оның орнына Жанат Шаймерденов тағайындалды.