АСТАНА, 19 қыркүйек – Sputnik. Атақты бұрынғы әлем чемпионы кіші Флойд Мейвезердің әкесі және бапкері үлкен Флойд Мейвезер Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварестің екінші жекпе-жегінің нәтижесін бағалады, деп жазды Sports.kz.
"Канело" жеңді деп есептеймін. Шынымды айтсам, бұл жолы "Канело" айтарлықтай басымдық танытты. Егер бірінші жекпе-жек тең жағдайда өтсе, мұнда олай болмады – "Канело" таза жеңді", — деп жауап берді маман Mayweather Boxing Channel-ге берген сұхбатында.
Бұған дейін ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Майк Тайсон Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварестің екінші жекпе-жегіне өз бағасын берген болатын. Ол тартысты кездесу болғанын айтып, мексикалық боксшының жанкүйері екенін жеткізді.
Головкиннің жеңілісінен кейін оның WBA Super, WBC және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы белбеулері "Канелоға" өткен еді, бірақ олардың барлығы бірдей мексикалық боксшыға берілмеді.
Бүгін белгілі болғандай, Альварес Халықаралық бокс ұйымына (IBO) санкциялық жарнаны төлеуден бас тартқан, осылайша бұл титул бос қалып отыр. "Канело" WBA Super, WBC әлем чемпионы белбеуін, WBC арнайы белбеуі мен The Ring журналының белбеуіне ие болды.
Сондай-ақ, қазір үшінші жекпе-жек өткізу туралы көп әңгіме болып жатыр. Головкиннің бапкері Абель Санчестің сөзінше, "Golden Boy Promotion" компаниясының президенті GGG-дің жеңілісінен кейін үшінші кездесудің қажеттігі туралы айтқан. Бірақ Санчес Головкиннің осы жылдың желтоқсанында немесе келесі жылдың басында шаршы алаңға шығуы екіталай екенін атап өтті.