Қоғам

Ақтөбеде мектепке балаларын хиджабпен жіберген ата-аналар қамауға алынды

Сотта олардың балаларын мектепке хиджаб киіп баруға мәжбүрлегендері үшін тұтқындалмағаны туралы айтылды
Sputnik

АҚТӨБЕ, 19 қыркүйек — Sputnik. Ата-аналар хиджаб киіп келген балаларын мектепке кіргізбей қойғаны үшін жанжал шығарған. Кейін олар осы әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бірнеше тәулікке қамалды, деп хабарлайды Sputnik Ақтөбе облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Психоаналитик қызына хиджаб кигізетін ата-ананың неге олай істейтінін түсіндірді

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, осы уақытқа дейін балаларын мектепке орамалмен жіберген ата-аналарға бірнеше мәрте ескерту жасалып, тіпті, олар айыппұл төлеуге міндеттелген.

"Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, бұл еш нәтиже бермей отыр. Ата-аналар балаларын мектепке кіргізбей қойғаны үшін жанжал шығарған. Сол үшін мектеп әкімшілігі полиция шақырған. Осының салдарынан оқушылар мектепке бармай, екінші жылға қалды", — деді баспасөз қызметіндегілер.

Полиция қызметкерлері "Қоғамдық тәртіпті бұзу" бабы бойынша үш ер адамның үстінен хаттама жазды. Дәлірек айтсақ, құқық бұзған екі ата-ана үш тәулікке, тағы бір ата-ана бес тәулікке қамалды.