Қоғам

Қазақстанның жаңа қаржы министрі тағайындалды

Бұған дейін қаржы министрлігін Астананың қазіргі әкімі Бақыт Сұлтанов басқарған болатын
Sputnik

АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаттары қаржы министрі лауазымына Әлихан Смайыловты тағайындау туралы ұсынысты қолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан төменгі палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Астана қаласының жаңа әкімі тағайындалды

Бүгін мәжілісте қаржы және бюджет комитетінің отырысы өтіп, онда қаржы министрі лауазымына тағайындау бойынша Әлихан Смайыловтың кандидатурасы келісілді. 

ҚР Премьер-министрі кеңсесінің басшысы Нұрлан Алдабергенов үкімет басшысының  қаржы министрі лауазымына Әлихан Асханұлы Смайыловты тағайындау туралы ұсынысын депутаттар қарауына ұсынды. 

Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Смайыловқа бірқатар сұрақ қойды. Сондай-ақ, еліміздің салық және бюджеттің кіріс бөлігін арттыру, қаржы ресурстарын жұмсауды бақылау шараларын күшейту, бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын бағдарламалардың қорытынды нәтижелеріне қол жеткізуге қатысты пікір алмасты. 

Отырыс соңында төменгі палата депутаттары Әлихан Смайыловтың кандидатурасын мақұлдады. 

"Қаржы және бюджет комитеті Әлихан Смайыловтың кандидатурасын қарап, оны қаржы министрі лауазымына тағайындау үшін ұсынуға болады деп есептейді", — делінген хабарламада. 

Депутаттар Смайыловқа алдағы жұмысына сәттілік тіледі. 

Кейін Қазақстан президентінің жарлығымен Әлихан Смайылов қаржы министрі қызметіне тағайындалғаны белгілі болды.

"Әлихан Асханұлы Смайылов Қазақстан Республикасының Қаржы  министрі болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметінен босатылсын", — делінген Ақорда сайтында жарияланған хабарламада.

Әлихан Смайылов 1972 жылы Алматы қаласында туған. 

1994 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін қолданбалы математика мамандығы бойынша  бітірген. 1996 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақ менеджмент, экономика және болжау институтын тамамдап, мемлекеттік басқару магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолын 1993 жылы "А-Инвест" инвестициялық-жекешелендіру қорының бас маманы болып бастады. 1996 жылы ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, 1998 жылғы наурыз бен сәуір аралығында ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.

Әсет Исекешев жаңа қызметке тағайындалды

1998-1999 жылдары – ҚР Президенті Әкімшілігінде бас сарапшы, сектор меңгерушісі, мемлекеттік инспектор. 1999-2003 жылдары – ҚР Статиститка агенттігінің төрағасы, 2003 жылғы ақпан мен шілде аралығында ҚР Сыртқы істер вице-министрі лауазымында болды.

2003-2006 жылдары – "Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы" АҚ басқармасының төрағасы қызметін атқарды. 

Екі рет қаржы министрлігін басқарды (2006-2007 және 2008-2009 жылдары). 

2007-2008 жылдары – "ҚазАгро" Ұлттық холдингі" АҚ президенті болып жұмыс істеді.

2009 жылы Статистика агенттігіне қайтадан басшы болып келді.

2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы лауазымында болды.

2015 жылдың желтоқсанынан бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметін атқарды.  

"1 рангты кеңесші" дипломатиялық рангы бар.

Еске сала кетсек, 11 қыркүйекте Елбасының жарлығымен Бақыт Сұлтанов Астана әкімі болып тағайындалды. Содан бері қаржы министрлігі басшысыз отыр.