Саясат

Мәжіліс қазақ-қырғыз шекарасын шегендеу туралы шартты мақұлдады

Төменгі палатада "Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды
Sputnik

АСТАНА, 12 қыркүйек – Sputnik. Мемлекеттік шекараны шегендеу туралы шарт Қырғызстанмен аумақтық даулардың туындауын алдын ала жоюға ықпал етеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Назарбаев пен Жээнбеков қазақ-қырғыз шекарасын шегендеу туралы шартқа қол қойды

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. 

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, шарттың басты мақсаты – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекараны халықаралық құқықтық бекіту. 

"Шартқа сәйкес, Қазақстан, Қырғызстан және Қытай мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі – шекараның бастапқы нүктесі, ал Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі – шекара сызығының соңғы нүктесі болып табылады. Шекара сызығы мен шекарадағы бүкіл шекаралық белгінің орналасқан жері шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын картаның 46 парағына түсірілді", — деді Тілеуберді мәжіліс отырысында.

Шекараны шегендеу нәтижесінде мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 1257, 07 шақырымды құраған. Шекара сызығында 1055 бағана орнатылды, оның 533-і – Қазақстан тарапымен, 522-сі – қырғыз тарапымен.

Жол картасы қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалға қалай әсер етті?

"Шарттың күшіне енуі Қазақстанның мемлекеттік шекарасын халықаралық құқықтық рәсімдеу процесінің аяқталуына, сондай-ақ Қырғызстанмен аумақтық даулардың туындауын алдын ала жоюға ықпал етеді. Қалыптасқан геосаяси жағдайларда шекараны шегендеуді мүмкіндігінше жақын мерзімде аяқтау мемлекетіміздің аумақтық тұтастығын, шекараның мызғымастығын қамтамасыз ету мен ел егемендігіне төнуі мүмкін қауіп-қатерді болдырмауға сеп болады", — деді сыртқы істер министрінің орынбасары. 

Шартқа сәйкес тараптар 10 жылда бір рет мемлекеттік шекара сызығының белгіленуіне бірлесіп тексеру жүргізеді. 

Әрбір тарап шекаралық белгілерді қорғау жөнінде шаралар қолданады, олардың бүлінуіне, орнының ауыстырылуына немесе қирауына жол бермейді, сондай-ақ өздері орнатқан шекаралық белгілер үшін жауапты болады және оларды қарауды қамтамасыз етеді.