Қоғам

"Жақсы көреміз". Министрлер Астана әкімі болған әріптестері туралы не дейді?

Қаржы министрлігін басқарған Бақыт Сұлтанов бүгін Астана әкімі лауазымына тағайындалды
Sputnik

АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Үкіметтің кезекті отырысынан шыққан министрлер елордаға әкім болып тағайындалған әріптестеріне сәттілік тіледі, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Астана қаласының жаңа әкімі тағайындалды

Бүгін сағат онда басталған үкімет отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов (ол кезде министрліктің тізгіні әлі қолында еді – автор) 8 айда республикалық бюджеттің атқарылуы жөнінде баяндама жасады. Сағат тілі он бірге жақындағанда, Сұлтановтың Астанаға әкім болғаны белгілі болды. Жаңа әкім жаңа қызмет орнына асықты ма, үкімет отырысының аяқталғанын күтпей, асығыс кетіп қалды. 

Отырыстан кейін БАҚ өкілдері министрлерден елдегі соңғы ауыс-түйіс туралы сұрап, пікірлерін білді. 

"Астана қаласының әкімі болу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан Бақыт Тұрлыханұлын  құттықтаймын", — деді мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

Ал сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов әріптесіне мол сенім артатынын байқатты.

"Біз Бақыт Сұлтановты баяғыдан танимыз. Елбасы мен халықтың сенімін ақтайтынына ешқандай күмәнім жоқ", —деді ол.

Назарбаев Астана әкімін неге ауыстырды?

Ал қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Сұлтановтың мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол екенін атап өтті. 

"Оған тек сәттілік тілеймін. Сіздер білесіздер, ол кісінің мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, жаңа қызметін жақсы атқарады деп ойлаймыз,- деп пікір білдірді экс-министрдің әріптесі. 

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев күні кеше үкімет қабырғасында бірге жүрген әріптесі елордаға әкім болып кететінін еш күтпегенін айтты. 

"Әрине, күткен жоқпын… Біз біраз уақыт бірге жұмыс істедік. Өте жақсы танимын, жақсы көремін. Тамаша әкімші, жақсы саясаткер. Ол үшін қуаныштымын, тек сәттілік тілеймін", — деді министр.