АСТАНА, 11 қыркүйек — Sputnik. Танымал әнші Димаш Құдайберген ата-анасының күміс тойында жаңа әннің тұсауын кесті, деп хабарлады Sputnik31 арнаның "Айта берсін" бағдарламасына сілтеме жасап.
Бүгінде бірнеше тілде ән салатын Димаш Құдайберген қай мемлекетке барса да, міндетті түрде өз ана тілінде ән айтады. Ай сайын репертуарын жаңа композициямен толықтырып отыратын ерекше дауыс иесі күні кеше ғана жаңа әннің тұсауын кесіп, ата-анасына ерекше тосынсый жасаған екен. Бұл тосынсый туралы толығырақ оның ата-анасы айтып берді.
"Бүгін Света екеуіміздің шаңырақ көтергенімізге 25 жыл. Құттықтауларыңыз үшін көп рахмет! Жақсы сөз бен жақсы тілек адамды жақсы бастамаларға жетелейді. Қазақ "Жақсы сөз жарым ырыс" деп бекер айтпаған. Әке-шешем үйленген кезде жақын достарының бірі тілек жазған екен. Яғни "Сіздердің алтын тойларыңызда балаларыңыздың күміс тойын қосып тойлайық" деген. Сол тілекте айтылған дүниеге жеттік. Биыл ата-анамыздың алтын тойын атап өткен болатынбыз", — деді Қанат Айтбаев.
Сондай-ақ, ол Димаш орындаған әннің авторы өзі екенін айтып өтті. Десе де, өзін кәсіби сазгерлер қатарына қоспайтынын жасырмады.
"Ән деген — көңіл-күйдің көрінісі. Жалпы өзім арнайы отырып ән жазатын адам емеспін. Мен сазгер емеспін. Бірақ, көңіл-күйге сәйкес ойға әртүрлі ән келетіні белгілі. Бұл сағынып, мұңайып отырған сәтте туындаған ән еді. Димаш біздің осы күнімізге орайластырып 25 жылдыққа әдемілеп өңдеп, жарыққа шығарды. Тыңдармандарымыздың осы әнге берген жоғары бағаларын естіп көңіліміз көтеріліп жатыр", — деді әншінің әкесі.
Ал Света Айтбаева керісінше өзінің көңіл-күйдің адамы еместігін айтады. Жолдасы секілді көп сезімге беріле қоймайды екен. Десе де, бұл тосынсыйдың өзіне ерекше ұнағанын жасырмады.
"Димаш жаңағы әнді бізге тосынсый қылып жасады. Оны Қанат бір кездері маған арнаған еді. Сөзін де әнін де өзі жазған. Өз басым қатты сезімге берілмейтін, романтикадан алыстау адаммын. Бір емес, маған бірнеше ән арнады деп сәл мақтанып жіберейін. Әрине, баламыздың тосынсыйынан өте жақсы әсер алдық. 25 жыл бұрын жолдасым осы әнмен, тағы 25 жылдан кейін ұлым тосынсый жасап отыр. Нұр үстіне нұр болып жатқандықтан өте қуаныштымын", — деді ол.