ҚЫЗЫЛОРДА, 6 қыркүйек— Sputnik. Қызылордадағы №2 "Мұрагер" мектебінде биыл рекорд – өңірдің білім саласының тарихында болмаған 21 бірінші сынып ашылды.
"Бізде өткен жылы да бірінші сыныпқа көп оқушы барған еді – 18 сынып болды. Ал биыл 624 бала келді, 21 бірінші сынып ашылды", — дейді мектеп директоры Дина Баймұрзаева.
Көп ата-ананың баласын Қызылордадағы екінші мектепке беруге ниет білдіруіне екі себеп бар. Біріншіден, мектеп халық көп қоныстанған ауданда орналасқан. Бұл жерде бала көп. Екіншіден, "Мұрагер" мектебі Қызылорда облысында үздік деп танылған.
"Өңірдегі педагогтардың тамыз кеңесінде көптеген көрсеткіштер бойынша осы мектепке атқарушы билік 17 миллион теңгеге сертификат берді", — деп атап өтті облыстық әкімдіктегілер.
Бэби-бум нәтижесі
"Мұрагерге" барған бірінші сынып оқушыларының көптігін 6-7 жыл бұрын өңірде болған бэби-буммен де түсіндіруге болады. Ол кезде туу көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы алғашқы үштіктің қатарына енген еді.
Тағы оқыңыз: 30 жасында 8 бала туған түркістандық келіншек арманы туралы айтып берді
Нәтижесінде 2018-2019 оқу жылында өңірдегі мектептерге 19 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барып отыр.
Ғасырлық тарихы бар мектеп
№2 "Мұрагер" мектебі 2019 жылы жүз жылдығын атап өтеді. Оқу орны 1919 жылы ашылды. Алғашқы директоры Теплова Дарья Михайловна мектепті 1940 жылға дейін 20 жылдан астам уақыт басқарды.
1969 жылы 50 жылдан кейін мектеп оқушылары ағылшын тілін тереңдетіп оқи бастайды. 2007 жылы білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен "Мұрагер" дарынды балаларға арналған мектеп" мәртебесін алады.
Бірінші сынып оқушыларының рекордтық санына қарамастан "Мұрагерде" үш ауысымдық оқу жоқ.
Мектеп спортзалдар, зертханалар, лингвистикалық және компьютерлік сыныптармен жабдықталған. Пәндер үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілінде оқытылады.
"Біздің инновациялық мектепке түсу қиын ба деп менен сұрап жатады, — деп әңгімеледі Sputnik тілшісіне "Мұрагер" мектебінің директоры. – Бірақ мұның еш қиындығы жоқ. Біз жақын маңдағы аудандардан барлық баланы қабылдаймыз, ал бұл 40-қа жуық көше".
Барлығы "Мұрагерде" 3800 оқушы оқиды.
"Жаңа, типтік, біз үшін арнайы салынған ғимарат осынша оқушыны оқытуға мүмкіндік береді. Бізде бір ауысымда 1200 бала отыратын оқу сыныптары бар. Бұдан бөлек, қосымша білім мен балалар шығармашылығы үшін орындар жеткілікті. Сондықтан 3800 оқушы екі аусымыда еркін оқып жүр", — деді Дина Баймұрзаева.
"Мұрагер" өңірдегі ең танымал және үлкен мектеп болғанына қарамастан, мектептің педагогтарына керемет қатаң талаптар қойылмайды.
"Ең бастысы, мұғалім өзінің білім деңгейін үнемі көтеріп отыруға, өзін-өзі жетілдіруге ұмтылса болғаны және, әрине, ұстаз өз жұмысын жақсы көруі керек. Ал бізде кадрлар жеткілікті. 21 бірінші сыныпқа да мұғалімдер табылды", — дейді мектеп директоры.
16 бірінші сынып қазақ, ал бесеуі орыс сыныптары екен.