АСТАНА, 4 қыркүйек – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында ҰБТ-дан 121 балл алған жігіт шаштараз мамандығын таңдады.
Шалқар Амангелдинов Аягөздегі қазақ мектеп-гимназиясын 2017 жылы жақсы аяқтады. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 121 балл алып, ұстаздары мен жақындарын бір қуантқан.
Физика мен математиканы таңдаған жас жігіт бірден Қазақ Ұлттық университетінің механика – математика факультетінің "Автоматтандыру және басқару" бөліміне түсіп, 4 ай оқығаннан соң, бәрін тастап, туған қаласы Аягөзге келіп, шаштараз болып еңбек ете бастады. Қазір сауда орталығының жанынан ашылған халыққа қызмет көрсету орталығында білдей шаштараз.
Осы мамандықтың қыр-сырына үйрететін "Barbershop" деп аталатын 3 айлық курсты оқып, бұдан соң бір ай Атырауда тәжірибеден де өтіп келіпті, деп жазды altaynews.kz.
"Шалқардың мектеп қабырғасында жүргенде-ақ басты арманы шаштараз болу еді. Әкесі Қанат екеуміз оның алған бетінен қайтпайтынын білсек те жоғары білім алуына барлық жағдайды жасаған едік, енді амал жоқ",-дейді анасы Айгүл Бураханова.
Ал Шалқардың ойы бөлек. Ол осындай қадамға барғанын былай деп түсіндіреді:
"Қазір жоғары білім алып, дипломын сандыққа салып қойып жүрген қаншама аға-апамызды көріп жүрміз ғой. Менің ойымша осының бәрі мамандық таңдауда жіберілген кемшіліктердің салдары. Ата-ана перзентінің не нәрсе қолынан келетініне, нені таңдайтынына мән бермейді. Мен өзім сүйетін мамандықты таңдадым. Маған күнделікті еңбегіме берген ақы емес, өзім сүйген мамандығымнан алған ләззатым қымбат",-дейді 19 жастағы жас жігіт.