Қоғам

Астанада маса шаққан келіншектің неліктен көз жұмғаны белгілі болды

Мамандар әйелге дәрі екпес бұрын аллергиясының бар-жоғын неліктен тексермегенін түсіндірді
Sputnik

АСТАНА, 4 қыркүйек — Sputnik. Астананың №1 ауруханасында көз жұмған әйелге егілген препараттарды алдын ала тексерілмеген. Себебі, ол шокқа қарсы қолданылады. Бұл туралы аурухананың бас дәрігері Марат Қарсыбекұлы брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik тілшісі. 

Астанада маса шаққан жас келіншек ауруханада көз жұмды

"Ең алдымен, марқұмның жақындарына көңіл айтамын. 30 тамыз күні оны белгісіз жәндік шаққан екен. Дәл қазір бұл мәселеге қатысты толыққанды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол әйел бізге 31 тамыз күні қаралуға келді. Сағат шамамен 15:40 кезінде. Айтуынша, бір күн бұрын көзін белгісіз жәндік шаққан. Әдетте мұндаймен токсиколог дәрігерлер айналысады. Ол қарап шығып әйелге стационарда жатып емделуді ұсынады. Ал әйел бас тартып, кейін күйеуіне хабарласып "Мен үйге кетемін" деп айтқан", — дейді №1 аурухананың бас дәрігері Марат Қарсыбекұлы.

Маманның айтуынша, бұл дәрілерді науқасқа егу үшін алдын ала тексерудің еш қажеті жоқ. Оның себебін былай түсіндірді: 

"Дәрігер науқаспен сөйлесіп, оның аллергиясы болғанын анықтайды. Үйінде аллергияға қарсы Супрастин сынды дәрілерді ішіп жүрген екен. Сондай-ақ, дәрігер оның бұрын-соңды Преднизолон қабылдағанын біліп, оған осы препаратты тағайындайды. Себебі, науқас жатып емделуден бас тартқан. Оған Преднизолон және Кетарол салынған болуы мүмкін. Неге алдын ала тексеріс жасалмады деген сауал туындап отыр. Бұл препараттар шокқа қарсы қолданылады. Яғни оларға алдын ала тексеру жүргізу қажет емес", — дейді дәрігер.

Естеріңізге сала кетсек, 31 тамыз күні Астана тұрғыны №1 қалалық ауруханаға емделу үшін барып, кейін сол жерде көз жұмған болатын. Туыстарының айтуынша, оның өліміне аллергиясы бар екенін біле тұра дәрі еккен ақ халаттылар кінәлі.