Мәдениет

"Залда шал жоқ". Тұрсынбек Қабатов әнші Төреғалимен әзілдесті

Әзілкеш Павлодар халқының Төреғали Төреәліден кешірім сұрағанын жеткізді
Sputnik

АСТАНА, 3 қыркүйек — Sputnik. Белгілі әзілкеш әнші Төреғали Төреәлімен әзілдесіп, павлодарлық қариямен арада болған жайсыз жағдайды еске салды. 

"Ағайын, кешіріңдерші". Төреғали Төреәлі қарияны концертінен неге қуып шыққанын түсіндірді

Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов жұлдызбен осылайша әзілдесіп, залда қорықпай ән сала беруіне болатынын айтып жұртты күлкіге қарық қылды. 

"Бәріміз де сағындық сені. Шыны керек, сені Павлодардағы концерттен кейін көріп тұрғанымыз осы. Қысылмай айта бер, мен залдың бәрін қарап шықтым. Мұнда ешқандай шал жоқ. Кілең әжелер, жігіттер мен ұл-қыздар. Төреғали — қазақтың еркесі. Әндері де керемет. Бірде Павлодарға концертке біз де барғанбыз. Өзіміздің басымыздан өткен қызықты айтып берейін. Концерт беріп жатқан жерімізге жаңағы шал да келген екен", — деді Тұрсынбек Қабатов. 

Әрі қарай ол қарияның неліктен мұндай әрекетке барғанын түсіндірді. Айтуынша, бір кездері ол өздерінің де мазасын алған. 

"Әншілердің концертіне келіп шу шығару өзінің стилі екен. Жасыратын ештеңесі жоқ. Әлгі кісі ащы суын алып, балконда отырады. Сахнада тұрғанымда "Ананы айт, мынаны айт" деп айғайлады. "Аға, ретімен келе жатырмыз, айтамыз ғой" дедім де қойдым. Әбден берекемізді алды. Содан сенің мақалыңды айтпағанмен, соған жақындаттық. Бір кезде үлкен кісілер дауыс көтеріп, өзін залдан шығарып жіберді. Халық "Төреғали Павлодар халқына ренжімесін. Бес саусақ бірдей емес" деп айтты. Осы жағдайдан кейін Төреғалиді жақсы көріп кеттім. Сондықтан Төреғалидің ешқандай айыбы жоқ, дұрыс істедің", — деп әзілкеш халықтың әншіден әлі күнге дейін кешірім сұрап жатқанын жеткізді. 

Естеріңізге сала кетсек, осы жайсыз оқиғадан кейін Төреғали Төреәлі халықтан кешірім сұрап, қателігін мойындаған еді.