АСТАНА, 3 қыркүйек – Sputnik. "Баспана" АҚ төрағасы Қайрат Алтынбеков жұмыс сапарымен Шымкент қаласындағы құрылыс аймақтарын аралады, деп хабарлайды kz.otyrar.kz басылымы.
Төраға Шымкент қаласындағы құрылыспен танысып, жекеменшік құрылыс компаниясы басшыларымен кездесу өткізіп, "7-20-25" бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлер туралы мағлұмат алды.
Басылымның жазуынша, Шымкентте осы тұрғын үй бағдарламасымен үй алғысы келетіндер аз екен. Неге екенін анықтау үшін келген Алтынбеков әкімдікпен меморандум жасасты.
Шымкент қаласында тұрғын үй кезегінде 36 мыңнан астам азамат болса да, "7-20-25" бағдарламасы арқылы баспана алуға небәрі 21 адамның өтініші мақұлданған.
Меморандум бойынша бұдан былай төлем қабілеті мақұлданған азаматтар 1 миллион теңге пайызсыз несие ала алады. Оны әкімдік беретін болып шешілді.