Қоғам

Білім күні: Әлем елдерінде оқу жылы қай кезде басталады?

1 қыркүйекте Қазақстанның 7024 мектебінде алғашқы қоңырау соғылды, 350 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады
Sputnik

АСТАНА, 1 қыркүйек – Sputnik. Ақ бантик таққан бұрымды қыздар мен ақ жейде киген ұлдар сүйікті мектебіне асыға оралды. Еліміздің білім ошақтарында Қазақстанның 3 миллионнан астам оқушысы үшін алғашқы қоңырау соғылды. Алайда әлемнің басқа елдерінде жаңа оқу жылы біздегідей 1 қыркүйекте басталмайды. Күздің алғашқы күні алаңсыз-қамсыз демалып жататын оқушылар жетерлік. Sputnik Қазақстан әлем елдерінің білім беру жүйесіне көз жүгіртіп, шет мемлекеттерде оқу жылы қашан басталатынын анықтады.

Еуропа

Ауыл мұғаліміне 200 мың теңге қандай жағдайда төленеді? Министрлік есептеп берді

Кәрі құрлықтың бірқатар елінде оқу жылы біздегідей 1 қыркүйекте басталады. Мәселен, Белгия, Венгрия, Македония, Ирландия, Балтық маңы елдерінде, Словения мен Польшада оқушылар үшін мектеп есігі күздің алғашқы күнінде ашылады. Ал Финляндия мен Швецияда оқу жылы 15 тамызда, Болгария мен Румынияда 15 қыркүйекте, Францияда 3 қыркүйекте басталады. 

Ұлыбританиялық оқушылар мектепке күз мезгілінің басында барады, бірақ бұл дата білім ошағына қарай өзгеруі мүмкін. Мәселен, кейде сабақ 1 қыркүйекке дейін де басталып кетеді. Оқу жылы Қазақстандағы секілді тоқсанға емес, үш семестрге бөлінеді. Жазда оқушылар алты апта, ал қыс пен көктемде 2-3 аптадан демалады. 

Германияда 16 федералды аймақтың әрқайсысында оқу жылы әртүрлі уақытта басталады. Балалар шамамен тамыз-қыркүйек айларында оқуға кіріседі. Бірінші сынып оқушылары алты жасында мектеп табалдырығын аттап, 10-12 жасқа толғанда орта мектепке ауысады. Жазғы демалыс 1,5 айға созылады.

Сағадиев министрліктің хиджаб киетін оқушыларға қатысты позициясын жария етті

Италия елінде де сабақтың басталу кестесі еркін. Климатқа байланысты әр өңірдің өз датасы бар. Мәселен, аптап ыстықтан оңтүстіктің оқушылары оқу жылын бір аптаға кеш бастайды. Ал қыста мұның есесін толтырады. Оқу жылы нәбері жарты жылға созылады. 

АҚШ пен Канада

Америка мен Канада мектептері оқу жылының басталу датасын өздері белгілейді. Тек тамыздың ортасынан 15 қыркүйекке дейінгі аралықта бастап үлгерсе болғаны. Оқу жылы маусым айының соңында аяқталады. 

Америкалық бүлдіршіндер мектеп табалдырығын 6 жасында аттайды. Бастауыш сыныптарда оқушылар көбіне жазып-сызып, оқып үйренеді, арифметиканы меңгереді. Мектеп басшылығы оқушыларды жыл басында тапсырған тест нәтижесіне сүйеніп, білім деңгейі бойынша сыныптарға бөледі. 

Латын және Орталық Америка елдері 

Сағадиев латын әліпбиімен оқи бастайтын сыныптарды атады

Бұл елдерде оқу жылының басталу күні тіптен бөлек. Өйткені Қазақстанға жаймашуақ жаз жеткенде, Латын Америкаға қыс келеді. Ал бізде күз болғанда, оларда, керісінше, көктем басталады. Сондықтан Аргентина, Бразилия мен Коста-Рикада ақпанның бірінші аптасында алғашқы қоңырау соғылса, Чилиде оқу жылы 1 наурызда, Уругвайда наурыздың бірінші дүйсенбісінде басталады. 

Ал Барбадоста оқушылар қыркүйектің үшінші аптасында мектепке барса, Гватемалада қаңтардың екінші дүйсенбісі, Гондураста 1 тамызда басталады. 

Мексикада бұрын оқу жылы 2 қыркүйекте басталатын, қазір кесте өзгерген. Енді оқушылар сабаққа тамызда шақырылады. Оқу жылының басталу күні жыл сайын алдын ала хабарланып отырады. 

Азия

Қытай, Гонконг, Лаос пен Тайваньда да оқушылар 1 қыркүйек күні мектепке жиналады. Мьянмада оқу жылы сәл кешірек, қыркүйектің екінші сәрсенбісінде басталады. 

Ал Оңтүстік Кореяда мүлдем басқаша. Бұл елде оқу 3 наурызда басталып, шілденің ортасына дейін созылады. Кейін балалар 2 ай демалысқа шығады, ал тамыз айының соңында мектепке қайта оралады. Екінші семестр ақпан айының ортасына дейін жалғасады. 

Жапон балалары мектеп партасына 1 сәуірде отырады. Бұл күн жаңа өмірдің бастауы, әдемілік пен жастықтың символы – сакура гүлдей бастайтын шақ.  Жапонияда балалар мектепке 6 жастан қабылданады. Ал оқу жылы үш триместрден құралып, келесі жылдың 31 наурызында аяқталады. Оқушылар қыс пен көктемде аздап демалса, жазда бір ай бойы сабаққа бармайды. 

Ұстаздарға қымбат гүл сыйлағандарды қандай жаза күтіп тұр?

Таиландта Білім күні тай халқының Жаңа жылынан кейін (әдетте бұл мереке сәуірдің ортасында аталып өтеді), яғни мамырда басталады. 

Сингапур билігі оқуға өте қатаң қарайды. Мұнда оқушылар демалыссыз 9 ай оқиды, кейін сессия тапсырып, алты апталық демалысқа шығады. Оқу жылының басталу күні әр мектепте әртүрлі: қаңтардың басында немесе қарашаның соңында. 

Ал Үндістанда жаңа оқу жылының басы шілде айына тура келеді. Бір қызығы, бұл елде балалар бірінші сыныпқа тым ерте, 4 жасынан барады. Оқу жылы ең ыстық мезгіл – мамырда аяқталады. 

Таяу Шығыс

Қазақстандық оқушылар секілді Израильде де балалар 1 қыркүйекте мектеп партасына отырады. Алайда егер күздің алғашқы күні сенбіге немесе ұлттық мерекелерге тура келсе, оқу жылының басы басқа күнге ауыстырылады. 

Қызылордада сифилис жұқтырған "11 ұстаз" мектепте істемейтін болып шықты  

Араб елдерінде де білім ошақтарының есігі қыркүйекте ашылады: Иранда – 22 немесе 23 қыркүйекте, Катар мен Біріккен Араб Әмірлігінде – 15 қыркүйекте, Египетте – 15-24 қыркүйек аралығында, Оман мен Сауд Арабиясында – қыркүйектің алғашқы аптасында. 

Африка

Африканың біраз елінде, мәселен Эфиопия, Нигерия мен Сомалиде оқушылар мектепке 1 қыркүйекте барады. Ал Алжирде Білім күні дәстүр бойынша қыркүйектің бірінші жексенбісінде аталып өтеді. 

Кенияның кейбір өңірінде сабақ қыркүйекте басталса, басқа аймақтардың мектептері Жаңа жылдан кейін, қаңтарда кіріседі. Оңтүстік Африка Республикасы мен Танзанияда қаңтардың ортасында, ал Оңтүстік Суданда 20 наурызда басталады.