АСТАНА, 29 тамыз — Sputnik. Дәрігерлер суши жеп уланған Оңтүстік Корея тұрғынының қолын шынтағына дейін кесті, деп хабарлайды РИА Новости New England Journal of Medicine басылымына сілтеме жасап.
71 жастағы ер адамның суши жегеннен кейін 12 сағаттан соң сол жақ алақаны қатты ісіп кетеді. Бұл шикі балықта кездесетін етқоректі Vibrio Vulnificus бактерияларының ағзаға еніп кетуі салдарынан болған. Дәрігерлер қарттың ісіп кеткен қолына дренаж жасап, залалданған ұлпаларды алып тастайды, кейін антибиотик дәрілер жазып береді.
Алайда бұл ем еш нәтижесін бермепті, тағы да дәрігерлерге қаралғанда – уланғаннан кейін 25-ші күні — ер адамның қолы өліеттеніп кеткені белгілі болды. Сол себепті дәрігерлер қарт кісінің алақаны мен білегін шынтағына дейін кесуге мәжбүр болған.
Vibrio Vulnificus бактериясы (вибриондар) – аса қауіпті ауру қоздырғыштары. Адамның ағзасына шикі теңіз өнімдері арқылы немесе ашық жарақатпен теңіз суына шомылғанда түсуі мүмкін.