Өңірлер

Назарбаев егін алқаптарын аралап көрген соң диқандарға не деді?

Мемлекет басшысы Қазақстанның екі негізгі астық өңірінде диқандармен жолығып, жаңа технологиялар туралы сөйлесті
Sputnik

АСТАНА, 17 тамыз — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерге сапары барысында Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы егіс алқабында болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.  

АШМ: Биыл 19 миллион тоннадан астам астық жинауымыз мүмкін

Елбасы Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы алқабын аралап көріп, егін ору науқанына дайындық барысымен танысты, сондай-ақ биыл облыстың мол астық жинайтынына сенім білдірді.

Қазақстан президенті өңір шаруаларымен әңгімелесу барысында ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандырып, мал шаруашылығын дамыту қажеттігін атап өтті.

"Бұл жетістіктермен тоқтап қалмай, өндіріске ғылыми және цифрлық технологияларды енгізу керек. Қайта өңдеу саласын дамытпай, еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кәсіпорындар жетекшілері еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен аграрлық секторға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны үшін Қазақстан президентіне алғыс білдірді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы облыс зауыттарында құрастырылатын тракторлар, комбайндар және басқа да астық жинауға арналған техникалар қойылған ауыл шаруашылығы көрмесін аралап көрді.

"Журавлевка 1" ЖШС ауыл шаруашылығы кешенін аралау

Ақмола облысына келген соң Мемлекет басшысы дәнді және майлы дақылдар алқабын аралап, егін ору науқанына дайындық барысымен танысты.

"Астықтың уақтылы жиналуын қамтамасыз ету қажет. Бізге ауа-райы қолайлы болып тұр. Егін ору уақытының созылуы едәуір шығын келтіретіндіктен, бұл жұмыстарды жеделдету керек", – деді Елбасы.

Елбасы астық жинау уақытын болжамдау арқылы өнімділікті арттыруға болатынын айтты

Нұрсұлтан Назарбаевқа Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі нәтижелері мен ауыл шаруашылығы саласының перспективалары жөнінде мәлімделді.

Қазақстан президенті агроөнеркәсіп кешеніне озық ғылыми жетістіктерді және цифрландыру үдерісін енгізудің маңыздылығын атап өтті.

"Шортанды ауданында тәжірибе ретінде алқаптардың электронды картасын енгізу, егістік жағдайына спутниктік мониторинг жасау, тұқымды ретімен егіп, тыңайтқыштарды дифференциалды түрде себу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл еңбек өнімділігін 2 есе арттыруға, сондай-ақ шығынды 20 пайызға төмендете отырып, астық өнімділігін 5 центнерден асыруға мүмкіндік береді", – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанда және шетелде құрастырылатын техникалардың үлгілері қойылған ауыл шаруашылығы машиналарының көрмесін аралап көрді.

Атамбаев Қазақстанда өндірілетін ұнды пайдалануға тыйым салды