Қоғам

Оқу жылына дайындық: баланы мектепке киіндіру қанша тұрады?

Көзді ашып жұмғанша оқушылардың жазғы демалысы да өте шықты. Тамыздың ендігі екі аптасында ата-аналар балаларын жаңа оқу жылына дайындайды
Sputnik

АСТАНА, 17 тамыз — Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Алғашқы дайындық әрине баланың мектепке баратын киім-кешегін іздеп, оқу құралдарын түгендеуден басталады. 

Балаңыз мектепке не киіп баруы керек

Қыркүйек таяған сайын базар мен балалардың киімін сататын жеке дүкендер сөрелерін мектеп формасымен толтырған. Бірден айта кетелік, қазір Қазақстан мектептерінде бірдей форма тіктіріп, бір жерден ғана киім ал дейтін "бұйрық" жойылған. 

Биыл мектептерде сабақ 3 қыркүйектен басталады

Рас, бұндай мәселе осыдан 4-5 жыл бұрын өзекті еді. Әрбір мектеп өз оқушыларына біркелкі форма тіктіру үшін ата-аналардан алдын ала ақша жинап, тігін фабрикаларына тапсырыс беретін. Бірақ, ата-аналар бұл бастаманың өте қымбат екенін әрі тігілген форманың бәрі бірдей сапалы емес екенін айтып, дау шығарған. Ақыры, білім министрлігі тапсырыспен тіктіру жүйесін тоқтатып, қыздар мен ұлдарға арналған жалпылама стандарт шығарды. 

Соған сай, балалар костюм-шалбар (жилетімен қосып), ақ көйлек, туфли киіп жүруге міндетті. Қыста шалбар ішінен жылы киім мен жабық жағалы жейді (водолазка) киюге болады. 

Қыз балалар белдемше, ақ көйлек, пиджак, классикалық шалбар мен жейде киеді. Қыста тоқыма жейде, сарафан және водолазка киюге болады.  

Оқушылардың костюмдері көп мектепте қою көк түсті болып белгіленген. 

Бренд пен базар, баға мен сапа 

Міне, осы киімдерді іздеген ата-ананың бәрі қазір базарда жүр. Қымбат киім алуға шамасы жететін ата-аналар қала сыртына шықпай-ақ, дүкендерді аралайды. Біз бірнеше қаладағы базар мен сол қалалардағы дүкендердің бағасын салыстырып көрдік. Әр қалада базар мен дүкен бағасының арасындағы айырмашылық 1500-3000 теңге, тіпті кейде 5000 теңгеге жетеді екен. 

Астанада мектеп формасын қайдан сатып алуға болады – жәрмеңкенің кестесі

Көзіміз жеткені, кемі екі-үш баласы мектепке баратын ата-ана үшін базар бағасы расымен үнемді, тиімді. Ал, бір ғана бала үшін дүкен мен бутиктердегі жеңілдікті пайдаланып, сол базар бағасына тең сауда жасауға болады. 

Бұдан басқа, республиканың әрбір қаласында тамыздың сенбі-жексенбілерінде мектеп жәрмеңкесі өтеді. Мектеп жәрмеңкесінің өтетін күнін, уақытын, мекен-жайын өзіңіз тұратын қаланың әкімдігіне хабарласып, тез білуге болады. Мектеп жәрмеңкесіндегі бағалар базар мен дүкен бағаларынан көп арзан емес.  

Мәселен, Астана қаласында бастауыш сынып оқушысына арналған костюм шалбар базарда 11 000 теңгеден басталып, 15-16 мың теңгеге жетеді. Ал, дүкендерде костюм бағасы 13 мыңнан жоғары. 

Қыз баланың киімі ұл баламен салыстырғанда базарда да, дүкенде де қымбаттау. Белдемшесі, пиджагы мен ақ көйлегін қосқанда базарда ең кемі 15 000 теңге бересіз. Ал, қала дүкендерінде ақ көйлегінің өзі 6000 теңгеден жоғары. 

59 мың табысы бар отбасының есебі

Самал Оразбаеваның төрт баласы бар. Жолдасы осыдан үш-төрт жыл бұрын қаза тапқан. Биылға дейін ол төрт баласын қатар мектепке дайындап келді. Ал, биыл үлкен қызы оқуға түскен. Бірақ, Самал үшін бала киіміне қатысты салмақ азайған жоқ. Sputnik тілшісімен әңгімелескен Самал бір баласына неше теңгеге киім алғанын санап берді. 

Мектеп формасы қандай болуы тиіс?

"Балаға арналған киімнің қымбат екені анық. Арзан деп айтқанның өзі бір балаға кемі 50-60 мың теңге кетеді. Бірінші сыныпқа баратын кенже балама мектепке киетін костюмді базардан 14 мың теңгеге алдым. Сапасы орташа,  жасанды материалдардан тігілген туфлиді базардан кемі 5000 теңгеге аласыз. Мен де осы бағаға алдым. Сосын, 3500 теңгеден балама екі жейде алдым, сонымен 7000 теңге шықты. Оған бірнеше іш киім, шұлық, галстук пен белбеуді қосыңыз. Бұл ұсақ-түйекке 5000 теңгедей кетті. Мектептер қыркүйектен бастап ауыстыратын екінші аяқ киім талап етеді. Оны енді баланың аяғы терлемесін, ыңғайлы болсын деп сапалылау іздеймін. Оны кемі 8000 теңгеге алдым. 

Енді бұған дене шынықтыру пәніне киетін спорт киімі мен кроссовкиді қосыңыз. Сапалы, тер мен кірді көтеретін спорттық костюмдер базардың өзінде ең арзаны 10 000 екен. Ал, кроссовки 5000 теңгеден жоғары. Киімінен бөлек, сөмкесі бар. Ауыр кітапты көтеріп, бір жылға шыдас беретін сөмкенің өзі 6000 теңгеден басталады", — дейді балаға костюм-шалбардан да басқа талай киім керек екенін еске салған Самал. 

Енді қалам-қарындаштарын санайық. Самал да өзге ата-аналар сияқты қайта-қайта дүкенге жүгірмеу үшін дәптер мен қаламды бір оқу жылына жететіндей алып қояды.

"Дәптер мен қалам-қарындашты өте сапалы алмасаңыз, балаңыз қиналады. Арзан қалам мен қарындаш дұрыс жазылмай әлекке салса, арзан дәптерлер жыртыла береді" — дейді Самал. 

Сондықтан, ол қаладағы ең қымбат, тауарларының сапасы жақсы дүкеннен 90 теңгеден 100 дәптер алған. Қалам-қарындашы тағы бар. Оған кемі 1000-2000 теңге кетеді екен.

"Қыз балаға киім алу үшін бұдан 10-15 мың теңге артық жұмсайсыз. Өйткені, қыз балаға қосымша белдемше, колготки, бантиктер керек", — дейді Самал. 

Самал Оразбаева төрт баласымен

Ал, енді есептейік

14000+5000+7000+5000+8000+10000+5000+6000+90*100+2000=71 000. Бір баласына киім-кешегі мен дәптер-қалам алу үшін Самал тура 71 000 теңге жұмсаған. Бұған күзде, қыста киетін сырт киім мен жылы аяқ киімдердің бағасын қосқан жоқпыз. Енді 71 000 теңгені 3 балаға көбейтсек, 213 000 теңге шығады екен. 

"Асыраушысынан айырылды деп үкімет маған 4 балаға айына 50 мың теңге береді. Көпбалалы ана ретінде 9 мың теңге аламын. Өзім жұмыс істемеймін. Яғни, бір айдағы кірісім осы 59 мың теңге ғана. Ал баға болса жыл санап қымбаттап жатыр. Бұл 59 мың теңге ештемеге жетпейді. Кіші балаң жеті жасқа толды, жұмысқа шықсаңшы дейді. Бірақ, баламды мектепке апарып-әкелетін адам тағы керек. Мұғалім бірінші сыныптағы баланы ата анасынсыз жібермейді. Жұмысқа шықсам оны кім апарып, кім әкеледі? Мектептен басқа бала ішіп-жемей ма, басқа киім кимей ма, түсінбеймін", — дейді Самал.

Тағы оқыңыз: Оқулықтардың салмағы қанша болуы керек екені белгілі болды

Бір футболка мен бір шолақ шалбар. Дамыған Америка оқушылары мектепке не киеді?

Самал Оразбаева балалардың мектеп киімінде ауыстырып киетін екінші аяқ киімнің өзі көп салмақ салады дейді. Әрине, Қазақстанның ауа-райы, оның үстіне, мектептердің маңайындағы балшық жолдар ауыстыратын аяқ киімді талап етеді делік. Бірақ, дамыған елдер ауыстыратын аяқ киім былай тұрсын, бір футболка, бір шолақ шалбармен (шорты) үздік білім алып жүр. 

Келесі жылдан бастап 4 пән ағылшын тілінде оқытылады

Америкада білім алып, екі баласын сол жақтың мектебінде оқытқан Айсәуле Әбілдәева Америкада мектепке баратын оқушының шығыны Қазақстанмен салыстырғанда аз дейді. 

"Америка мектептерінде жалпылама ортақ форма бар. Ол – көк түсті  шорты немесе шалбар, ақ немесе көкшіл футболка. Костюм-шалбар, ақ жейде, галстук, туфли кию деген жоқ. Күн жылы кезде  қанық көк шорты мен ақ футболкаларын киіп жүреді. Күн салқындаса, шалбар мен футболка, сыртынан қалыңдау жейде киеді. Ол жейдені мектепке сатып алуға болады, алмай-ақ, басқа жейде кисе де болады", — дейді Айсәуле.

Айсәуле жолдасымен бірге Калифорнияда білім алған. Ол жақта қыс түспейтіні анық, сондықтан Айсәуленің екі баласы да жыл он екі ай бір шорты, бір футболка киіп, мектеп бітірген екен. Ең жақсысы, бұл форманы күнде таңертең үтіктеп жатудың қажеті жоқ және бала үшін өте жұмсақ, ыңғайлы киім.

Американың кейбір мектебінде балалар осылай киінеді
  "Америка дамып кеткен мемлекет қой, көшелері асфальт. Тіпті, үйлерінде де аяқ киіммен жүре беретін адамдар. Шаң болады, бірақ өздерінің қалыптасқан мәдениеті болған соң біз сияқты тазалыққа қатты көңіл бөлмейді. Біз тұрған жерде қыс болмаған соң шығар, мектепке ауыстыратын аяқ киім әкел дегенді естімеппіз. Қысы бар қалаларын  білмедім, бірақ олар да екінші аяқ киім әкел деп айтпайды деп ойлаймын", — дейді ол. 

Айсәуле екі баласы қатар мектепке барғанына қарамастан, Америкада балаларына оқуға киетін киім аламын деген проблема туындамағанын айтып отыр.

"Америкада оқушыға шығын аздау, олар өздері еркін халық қой. Біздегідей баланың киімін қайта-қайта үтіктеп, қырын шығарып жібермейді. Шорты-футболкасын киіп жүре береді. Бір шорты, бір футболка, бір шалбар ғана алатынбыз. Аяқ киімді жылда алмаймыз, өйткені қыс түспейді де бір-екі жылға жетеді. Сондай тәжірибеміз бар. Баланы мектепке дайындап, киім әперу бір проблема болғаны есімде жоқ", — дейді Айсәуле.

Тағы оқыңыз: Білім министрлігі атышулы оқулықтағы қателіктерді жөндеуге уәде берді 

Мектеп неге "Мектепке жол" туралы жақ ашпаған?

Ал, Білім беру саласының белсендісі Ақмарал Мәделханова болса, Самал сияқты төрт баланы жалғыз асырап отырған отбасыларға "Мектепке жол" акциясы арқылы керек-жарақ тегін берілуі керек дейді. 

Ақмарал Мәделхановадан мектеп әкімшілігі баладан екінші аяқ киім талап етуге қаншалықты құқылы екенін де сұрадық. Оның айтуынша, ауыстыратын аяқ киім – әр мектептің ішкі ережесінде ғана бекітілетін дүние. Ал, міндетті түрде аяқ киім ал деп талап етуге ешкімнің құқығы жоқ. 

Ақтөбеде сабақ үстінде болған оқушы өлімінің мән-жайы анықталды

"Көп балалы, оның үстіне, асыраушысынан айырылған болса, ондай анаға "Мектепке жол" акциясы аясында балалары оқитын мектеп киім-кешекті тегін алып беру керек. Ол үшін балалардың анасы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы ретінде анықтама апарса болғаны. Әншейінде, мектеп әкімшілігі отбасы мүшелері туралы анықтама, ата-анасының жұмыс орнынан анықтама талап еткенде сондай, ал сол анықтамаларға қарап, Самал сияқты анаға неге көмектеспегенін түсінбеймін. Өзі жұмыс істемейтінін, әкелері жоқ екенін анықтамамен көрсетсе, ол отбасыға "Мектепке жол" акциясы көмек беруі тиіс", — дейді ол. 

Айта кетейік, Қазақстанда "Мектепке жол" акциясының басталғанына он жылдан асты. Жыл сайын оқу жылының алдында қайырымдылық акциялары өтіп, сол арқылы көп балалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына киім-кешек пен канцелярлық тауарлар тегін беріледі.