ОРАЛ, 16 тамыз — Sputnik. Оралдық зейнеткер 57 жыл бұрын айырылған ұлын іздеп жүр, деп жазады "Мой Город".
Еңбек ардагері Александр Максимович Дзюбанның жасы 89-да. Сонау 1956 жылы Ресейдің Чехов қаласында Евгений есімді ұлы дүниеге келеді. Тағдырдың жазуы болар, әйелі ұлын алып Өскемен қаласына кетіп қалған екен. Содан бері әкесі баласын бірде-бір рет көрмеген.
Зейнеткердің айтуынша, ұлы жақында қоңырау шалып, тілдескісі келіпті, бірақ аяқ асты байланыс үзіліп кетеді.
"Өзінен немесе оны білетін жандардан 87771497512 нөміріне, маған хабарласуын сұраймын", — дейді Александр Максимович.
Қазір зейнеткер Орал түбіндегі "Малиновый сад" саяжай бірлестігінде тұрады, бауыр еті баласын табудан үмітін үзген емес.