Қоғам

Қазақстанда халық саны қанша болды?

2017 жылмен салыстырғанда халық саны 1,3% өсіп отыр
Sputnik

АСТАНА, 15 тамыз — Sputnik. 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еліміздегі халық саны 18 миллион 272 мың 400 адамға жетті, деп хабарлайды Sputnik Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

Оңтүстік Қазақстан облысында халық саны 3 миллионға жуықтады

Оның ішінде қалалықтар – 10 529,1 мың (57,6%), ауылдықтар – 7 743,3 мың адам (42,4%). 2017 жылғы 1 шілдемен салыстырғанда халық саны 238,1 мың адамға немесе 1,3% өсіп отыр. 

Қаңтар-маусымда Қазақстанда 192,7 мың адам туған. Бұл 2017 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 1,8% көп. Осы кезеңде 66,8 мың адам қайтыс болған, бұл өткен жылға қарағанда қарағанда 0,1% көп. 

Қаңтар-маусымда республикада 1 жасқа дейінгі 1 626 нәресте өлімі тіркелді. 2017 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1 жасқа дейінгі шетінеген нәресте саны 1,3%-ға көбейген. 

Елімізде 2050 жылға қарай халық саны 24 миллионнан асады

Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметке сәйкес, 2018 жылғы қаңтар-маусымда елімізге тұрғылықты тұруға келгендер саны 2017 жылмен салыстырғанда 26,5%-ға кеміп, 6368 адам болды.

Елімізден көшіп кеткендер саны 14%-ға көбейіп, 17 171 адамға жеткен. Бұл ретте ТМД елдерінен келгендердің үлесі — 77,2%, ТМД мемлекеттеріне кеткендердің үлесі  — 89,7%.