АСТАНА, 9 тамыз — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттен сенат депутаттары сайланатын күнді белгіледі, деп хабарлады Ақорда.
Президент 2018 жылдың 5 қазанында Шымкент қаласынан парламент сенаты депутаттарының сайлауын өткізуді қаулы етті.
Назарбаев ел үкіметі мен Шымкент қаласының әкіміне ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдауды тапсырды.
Сайлау өткізу туралы жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Шымкент 19 маусымда еліміздегі республикалық маңызы бар үшінші қала атанды. Оңтүстік Қазақстан облысының атауы Түркістан облысы болып өзгертілді, ал өңір орталығы Түркістанға көшірілді.