АСТАНА, 8 тамыз — Sputnik. Канадалық боксшы Брэндон Кук (20-1, 13 КО) 15 қыркүйек күні Лас-Вегаста өтетін Геннадий Головкин — Сауль Альварес бокс кешіне қатысуы мүмкін, деп хабарлады Sports.kz.
ESPN журналисі Фернандо Барбосаның ақпаратынша, Кук WBO тұжырымы бойынша бірінші орта салмақтағы әлем чемпионы Хайме Мунгияға (29-0, 25 КО) ең ықтимал қарсылас саналып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Мунгия бұған дейін "Канело" — GGG II андеркардына ресми бекітілген болатын. Кукке қатысты айтсақ, ол өткен жылдың қыркүйегінде қазақстандық боксшы Қанат Исламнан (25-0, 20 КО) техникалық нокаутпен ұтылды. Одан кейін канадалық екі рет нокаутпен жеңіске жетті: ол аргентиналық Карлос Сантананы (26-9, 20 КО) екінші раундта ұрып жықты, ал тағы бір аргентиналық Мигель Анхель Суаресті (15-2, 9 КО) үшінші раундта мерзімінен бұрын жеңді.