АСТАНА, 30 шілде — Sputnik. Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілсе де, ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. "Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін" хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.
Садақаның берген адам үшін пайдасы мен сауабы мол. Садақа адамға мейірімділікті, нәпсіні тәрбиелеуді үйретеді әрі мал-дүние мен жүректі тазалайды. Ал ақыретте сауапты амал жасау мүмкін болмаған сәтте берген садақасының сауабы жұмаққа жетелейтін болады.
Пенде дүниеден озғанда мал-дүниесі жайында қиындыққа тап болып, жиған-терген дүниесі артында қалғанымен сол үшін есепке тартылатын болады. Ал дүниесінен садақа берсе, есебін беру жеңіл болмақ, деп жазады ummet.kz.
Өзгеге қол ұшын беру мен садақа берудің ең маңыздысы өзі мұқтаж бола тұра, барын бөліп беруі болмақ.
"Кімде кім адал жолмен тапқан табысынан бір құрмадай садақа берсе, Алла ол садақасын қабыл етеді. Содан кейін оны таудай болғанша, яғни сендерден біреуіңіз тайын өсіргендей иесіне барынша үлкейеді", — дейді.
Жасаған жақсылығыңыз садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек:
- Мұқтаж жанға беру;
- Алла разылығы үшін берілуі;
- Берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы тиіс.
Садақа берудің осы дүниедегі 5 пайдасы
- Мал-дүниені тазартады;
- Күнәларды өшіреді: "Су отты сөндіргендей, садақа да күнәларды өшіреді" (Тирмизи). "Садақа тәкәппарлықты жояды" (Тирмизи);
- Ауру мен апаттан сақтайды: "Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады" (Бәйхақи риуаяты);
- "Садақа беруде асығыңыздар. Өйткені апат садақадан оза алмайды" (Табарани, Бәйхақи);
- Мұқтаж жанды қуантады. Ризықты арттырып, табысқа берекесін береді.
Садақаның ақыреттегі 5 пайдасы
- Қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады: "Садақа қабір азабынан сақтайды. Қияметте иесін өз қамқорына алады" (Бәйхақи)
- Тозақтан құтқарады: "Жарты құрма болса да садақа беріп, тозақтан сақтаныңдар"
- Таразыда сауабы басым болады;
- Сырат көпірінен өтуі оңай болмақ;
- Дүниесінің есебін беруде жеңіл болмақ.
Садақа беруде шамаға қарап амал еткен жөн. Әбу Бәкірдің қызы Әсма: "Ей, Алланың Елшісі! Жұбайым Зубайрдың берген мәхірінен басқа затым жоқ. Садақа берейін бе?" — деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Шамаңа қарап садақа бер. Дорбаның аузын бума, Алла да сенің ризығыңды буады", — дейді.