Мәдениет

Балғынбек Имашев айтыстағы "әділетсіз" қазылар туралы айтып берді

Айтыскер ақын әр нәрсе өз уақытымен болғаны дұрыс деп санайды
Sputnik

АСТАНА, 29 шілде – Sputnik. Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев соңғы кездері сөз додасынан көрінбей кетуінің себебін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Имашев қазір айтысқа дайындалуға уақыты да жоқ екенін, оның үстіне сөз жарысында айтысатын қатарластары да қалмағанын айтты.

Балғынбек Имашев айтыста ұтқан көліктері мен үйлері туралы айтты

"Біріншіден, қазір айтысқа дайындалуға қолым тимейді. Алайда дайындалмай барып, бір айтысқа қатыса салсам да, қазылар алқасының бәрі танитындықтан, түк айтыспасам да, бәрі он (ұпай – Sputnik) көтереді. Тоғыз қоюға ұяла ма, білмеймін (күлді). Бірақ айтысым онның емес, сегіздің айтысы, өзім білемін, іштей сеземін. Былайша айтқанда, "бетім" жұмыс істеп кетті. Содан кейін жақсы айтысып тұрған жас балаларға қиянат болады ғой деп, жол берейін деп шештім. Екіншіден, қатарластарымның арасында қазір айтысып жүргендер бірен-саран. Бес саусақпен санасам, беске жеткізе алмаймын. Көбісі жастар. Сондықтан да әр нәрсе өз уақытымен болғаны дұрыс. Әрине, әртүрлі себептер болды, негізгі себеп жаңағы екеуі",- деді айтыскер ақын Астананың мемлекеттік қызметкерлеріне арналған шығармашылық кеште.  

Сондай-ақ, Балғынбек Имашев айтыстың арқасында екі баспанаға қолы жетіп, 15 шақты темір тұлпар ұтып алғанын айтқан болатын.