АСТАНА, 26 шілде – Sputnik. Белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев айтыстың арқасында екі баспанаға қолы жетіп, 15 шақты темір тұлпар ұтып алған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазір "рекордсменка" Айнұр (Тұрсынбаева – Sputnik) болып тұр, қателеспесем 36 көлік. Аманжол да (Әлтаев – Sputnik) да соның маңайында, отыздың ар жақ-бер жағы. Біз енді ондай көп көлік ұтқан жоқпыз, бірақ, Аллаға шүкір, айтыстағы олжаларым аз емес. Бірінші, әрине ол халықтың ықыласы, махаббаты. Айтыстағы абыройдың әсері ғой, жай біреудің үйіне қонаққа барсақ та, қой сойып, ат мінгізіп жібереді. Бұл енді айтыстың сыртындағы жүлделер. Ал айтыстың өзінде он бес шақты темір тұлпар тізгіндедім. Айтыстың арқасында екі рет баспаналы болдым", — деді ақын "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Астананың мемлекеттік қызметшілері үшін ұйымдастырылған шығармашылық кеште.
Имашев айтыстың көптеген ақынның күнкөрісіне айналғанын атап өтті.
"Әншілер қазір ән айтқаннан гөрі, тойдан көбірек пайда табады. Сол сияқты айтыс та ақындар үшін күнкөрістің бір көзі болып қалды", — деді ол.