АСТАНА, 26 шілде — Sputnik. Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың АҚШ-қа сапары басталды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоның шақыруымен сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Діни сенім бостандығын насихаттау жөніндегі бірінші министрлік конференцияға қатысу үшін Вашингтон қаласына барды.
Конференциядан бұрын 25 шілдеде Қайрат Әбдірахманов АҚШ мемлекеттік департаментінің басшылығымен, оның ішінде мемлекеттік хатшының бірінші орынбасары Джон Салливан және 1990-шы жылдары АҚШ сенаторы ретінде Жібек жолы стратегиясы бойынша ынтымақтастықты дамыту бастамасын көтерген, діни бостандық жөніндегі елші Сэм Браунбэкпен бірге бірқатар кездесу өткізді.
Дипломаттар Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасының қарыштап дамып келе жатқанын атап өтіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылдың қаңтарындағы Вашингтонға ресми сапары кезінде жасалған келісімдердің жүзеге асырылуы туралы сөз қозғады. Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапары
Сол күні министр Қайрат Әбдірахманов америкалық жетекші компаниялар мен корпорациялар басшылығымен кездесіп, Қазақстанда бизнес үшін жасалып жатқан қолайлы жағдайлар туралы айтып берді.
Министр Елбасының экономиканы дамыту бойынша жүргізіп отырған саясаты негізінде ауқымды жоғары технологиялық жобаларды іске асыру үшін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, байланыс және IT-технологиялар салаларында америкалық тәжірибені пайдаланып, инвестиция тартуға Қазақстанның мүдделі екеніне назар аударды. Осы және басқа да көптеген жобалар Қазақстан мен АҚШ-тың алдағы уақыттағы екі жақты ресми сапарлары барысында әзірленіп, іске асырылады.