АЛМАТЫ, 24 шілде — Sputnik. Алматыда Панфилов көшесіне орнатылған ағаш аттың қоладан құйылған ер-тоқымын ұрлап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстанның фототілшісі ағаш мүсін орнатылған жерден.
Арт-нысанның авторы – Ербосын Мелдібеков. Ағаш аттың ер әбзелі қоладан құйылған, онда ер адамның жамбас іздері бейнеленген. Автор бұл туындысын аттан түспеген ата-бабамыздың тұрмыс-салтымен ұштастыруды көздепті.
Бұл мүсін алып тиін секілді Алматыда ұйымдастырылған байқауға қатысқан 16 жұмыстың бірі.
Алматыдағы "Атакент" орталығының жанында орнатылған "Тиін" алып арт-нысаны қоғамда қызу талқыға түскен еді. Анығын айтсақ, оның бағасы жұрттың жағасын ұстатты. 12 метрлік сабаннан жасалған мүсінге 23 миллион жұмсалыпты. Ең қызығы, оның 15 миллион теңгесі мемлекеттік бюджеттен бөлінген. Әрі бұл қымбат арт-нысан тоғыз ай ғана тұрады, одан кейін оны бұзады.
Тағы оқыңыз: Алматыда дау тудырған алып тиін сатылып кетті ме?
Жобаның ұйымдастырушылары Funk креативті агенттігінің мәліметіне сүйенсек, байқауға қатысқан 16 арт-нысанға барлығы 78 миллион теңге жұмсалады.