АСТАНА, 18 шілде — Sputnik. Қазақстандық мамандар Dizzy энергетикалық сусынының құрамында қауіпті заттың шектен тыс мөлшерін анықтады.
Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Маңғыстау облысындағы сауда нысандарын тексеріп шықты. Тексеру барысында анықталғандай, ресейлік "Дал" ЖШҚ өндірушісінің алкогольсіз энергетикалық сусындарында натрий бензоаты (Е211) тағам қоспасының шектен тыс мөлшерде қосылған. Бұл қоспа азық-түлікті ұзақ уақыт сақтау үшін қолданылады.
Лабораториялық зерттеулер нәтижесінде Dizzy original және Dizzy lemon energy сусындарына натрий бензоаты шектен тыс көп мөлшерде қосылғаны белгілі болды.
"Өнімнің бұл партиясы сауда нысандарында сатылымнан алынып тасталды, жеткізушіге қатысты тауарды сауда нысандарынан алып тастау бойынша әкімшілік шара қолданылды", — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, қазақстандық билік өкілдері Ресейдің тұтынушылар құқығын қорғау саласындағы федералды қадағалау қызметіне аталған сусынды өндірушілердің өнімін қатаң бақылауға алу туралы ескерту хат жіберді.
Балық консервісінен қауіпті зат табылды
Комитет атап өткендей, натрий бензоаты адам ДНҚ-сына зиянын тигізуі мүмкін. Оның үстіне аяғы ауыр әйелдерге мүлдем пайдалануға болмайды.
Сонымен бірге қауіпті зат адам ағзасында түзіліп, аллергия, қышыма, жөтел, бөртпе, ісік тудыруы мүмкін.