Қоғам

"Әліби ісі": Атышулы бизнесмен Қайрат Жамалиев бостандыққа шықты

Сот жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлға ауыстырды
Sputnik

АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Жас жігітті ұрып-соққаны үшін сотталған атышулы бизнесмен Қайрат Жамалиев бір миллион теңге шамасында айыппұл төлеп, бостандыққа шықты. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады. 

Бас прокуратура Жамалиевтің жаза мерзімі не үшін қысқартылғанын түсіндірді

Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда Жамалиев елдің қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тіркелмеген. 

Көкшетау қаласының соты Қылмыстық кодекстің 73-бабы 3-тармағына сәйкес жазаның өтелмеген бөлігін айыппұлға ауыстырды. 

Осы баптың 3-тармағына сәйкес, жазаның өтелмеген бөлiгiн ауыстыру кезiнде сот бас бостандығынан айырудың төрт күніне бір айлық есептік көрсеткіш есебiмен айыппұлды таңдауы мүмкiн. Айыппұлға ауыстырудың шарты – қылмыспен келтірілген залалды толық өтеу. Биыл бір АЕК 2 405 теңгені құрайды. 

"Айыппұл сомасы шамамен 900 мың теңге болды. Онда бас бостандығынан айырудың төрт күніне бір АЕК", — деп түсіндірді Жамалиевтың адвокаты Сәлімжан Мусин.  

"Әлібидің ісі" қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. 2015 жылдың сәуір айында Әліби Жұмағұловтың әкесі әлеуметтік желілерде беті қан-жоса болған ұлының суреттерін жариялап, көмек сұраған болатын. 

Серік Ахметов түрмеден босап шықты

Атышулы істің басы фигуранты – Қайрат Жамалиев. Ол 2015 жылдың тамызында қатаң режимді колонияда жазасын өтеумен 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, барлық мүлкі тәркіленді. Оның сыбайластары – Арман Әбілтаев пен Анатолий Прибытков та сәйкесінше 12 және 8 жылға сотталды.  

2017 жылы Қайрат Жамалиевтің жаза мерзімі алты жылға қысқарды. Бас прокуратура түсіндіргендей, аса ірі көлемде бопсалау әрекеті ірі көлемде болып ауыстырылған. Соған сәйкес осы бап бойынша жаза мерзімі он жылдан жеті жылға дейін қысқартылды.

Осы іс бойынша сотталған Арман Әбілтаев пен Анатолий Прибытковтың жаза мерзімдері де жаңағы себептен сегіз және бес жылға қысқарған. Сот актілерінің қалған бөлігі өзгертілген жоқ. 

Ал өткен жылдың соңында Жамалиев қоныс колониясына ауыстырылған болатын.