АСТАНА, 12 шілде — Sputnik. Stence деген атпен көпшілікке танымал қазақстандық блогер Сұңқар Килаж әкесі және немере інісімен бірге Ресейде жол апатынан қаза тапты, деп хабарлайды Sputnik Ura.ru басылымына сілтеме жасап.
БАҚ мәліметінше, оқиға 6 шілдеде болған. Көлік апаты Челябі облысы Сим қаласына жақын маңда М-5 Москва—Челябинск тас жолының 1592-ші километрінде тіркеліпті.
Бастапқы мәліметке сүйенсек, блогер отырған көліктің жүргізушісі қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, жүк көлігімен бетпе-бет соғылған. Қатты соққыдан көлік жана бастапты.
Өртке оранған көліктен қаза тапқан үш адамның денесі табылды. Басылымның жазуынша, жігіт туыстарымен әлем чемпионатына бара жатқан.
"Бұл қайғылы жайтқа сену қиын. Әлбетте, бәріміз Сұңқарды ақ жарқын, ақ көңіл адам ретінде білеміз, үнемі күлімсіреп, жадырап жүретін. Бойында қуаты тасып, рахаттанып өмір сүргісі келетін, ешқашан қол қусырып отырмайтын. Алайда 06.07.18 түнде болған қайғылы оқиғадан кейін оның биік мақсаттары енді орындалмайды. Сұңқар, әкесі және немере інісі мінген көлік белгісіз жағдайда жантүршігерлік жол апатына ұшырап, үш жолаушының да опат болды", — деп жазды қолданушылар "ВКонтакте" желісінде Сұңқарды еске алуға арналған топта.
9 шілде күні Петропавлда жігітті соңғы сапарға шығарып салды.
Сұңқардың YouTube желісінде Stence Show атты арнасы бар еді, ол компьютер ойындарының видео талдауын жариялап отыратын.