АСТАНА, 1 шілде — Sputnik. Эксетерский университетінің зерттеушілері дәрігерлерін жиі ауыстырмайтын науқастардың басқаларға қарағанда ұзақ өмір сүретінін және оқыс жағдайлармен ауруханаға сирек түсетінін анықтады.
Британия ғалымдары бір саладағы дәрігерлерді жиі ауыстыратын науқастардың өмір жасының ұзақтығы басқаларға қарағанда қысқа болады деген болжам жасады. Ғалымдардың айтуынша, науқастар таныс дәрігерге өздерін шын мәнінде қалай сезініп тұрғандарын бірден айтады әрі мамандар берген нұсқаулықтарды бұлжытпай орындап отырады. Бұл зерттеу жұмысы туралы BMJ Open журналында жазылды.
Ғалымдар 2010 жылы шыққан 22 мақаланы таңдап, Embase, MEDLINE және Web of Science базаларының мәліметтеріне талдау жасаған. Зерттеу Оңтүстік Корея, Тайвань, Израиль, Ұлыбритания, Канада, АҚШ сынды мемлекеттер кіретін 9 елде жүргізілген. Жалпы 396 838 науқастың мәліметтері қаралды. Метаанализ үшін таңдалған жұмыстарда денсаулыққа қатысты әртүрлі проблема қамтылған, сондай-ақ, олардың барлығында науқастың қашан және қандай себепке байланысты өлгені туралы жазылған.
Қазақстанда қанша адам ракпен ауыратыны белгілі болды>>
22-нің ішіндегі 18 жұмыс науқастың дәрігерге деген адалдығы өмірін расымен де ұзартатынына дәлел болды. Бұл заңдылық тек терапевт немесе жалпы тәжірибесі бар дәрігерлерге ғана емес, сондай-ақ, хирургтерден бастап психиатрларға да қатысты.
Зерттеу нәтижесінде бір дәрігерге қаралатын науқастардың медициналық нұсқаулықтарды бұлжытпай орындайтыны белгілі болды. Мысалы, науқас екпелерді уақытылы жасатып отырады. Сондай-ақ, бұл науқастар ауруханаға сирек жатқан. Тағы да бір зерттеулерге сәйкес, бірнеше хирургке қаралған науқастың өлу қаупі бір жылда екі есе жоғары болатыны анықталды.
"Науқастар өзі жақсы танитын дәрігерге барып қаралған кезде жағдайларын жасырмай, өздерін қалай сезініп тұрғандарын ашып айтады. Сондай-ақ, олар дәрігермен қосымша ақпаратпен бөліседі. Осының арқасында дәрігер ем жүргізудің дұрыс схемасын құрастырады", — деді метаанализ авторларының бірі Денис Перейра Грей.
Алдағы уақытта осы ғалымдар адам өмір жасының ұзақтығы мен дәрігерге қаралу жиілігін жас, жыныс, зиянды әдеттер, білім және табысымен байланыстырмақ.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін ғалымдар аптасына ішімдікті жүз грамнан артық тұтынғандардың өмірі айтарлықтай қысқаратынын анықтаған еді.
Ақылды және ұзақ өмір сүретін адамдар қай айда дүниеге келетіні анықталды>>