Саясат

"Кемшілік көп" Нығматулиннің үкімет жұмысына неге көңілі толмайды?

Парламент депутаттары бүгін үшінші сессияда атқарған жұмыстарын қорытындылады
Sputnik

АСТАНА,  29 маусым — Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин парламентке үкіметтен түсетін заң жобаларының сапасын сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутаттар каникулға кетті

"Жақсы нәтижемен қатар, кемшіліктер де аз емес. Бұл, біріншіден, үкіметтен түсетін заң жобаларының сапасының төмен болуына байланысты. Оған нақты дәлел ретінде заң жобасын парламентте қарау кезінде тиісті мемлекеттік органдардың көптеген өзгеріс енгізетінін айту керек. Мысалы, сақтандыру және сақтандыру қызметіне қатысты заң жобасын депутаттар қарап бастаған кезде мемлекеттік органдардың өздерінен қосымша 224 түзету енгізілді. Ал кәсіпкерлік қызметті жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы  мәжіліске кіргеннен кейін мемлекеттік органдар тағы да 254 өзгеріс енгізді. Бұл ретте салық кодексіне енгізілген өзгерістер тіпті рекордтық жағдайға жетті. Осы кодекс бойынша тек мәжілістің өзінде ғана 5 мыңнан астам заңнамалық-техникалық және корректорлық өзгеріс енгізілді", — деді бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Анықтамамен "алдамақ" болған вице-министр Нығматулиннен сөз естіді>> 

Оның айтуынша, бұл кемшіліктердің барлығы заң жобасының сапасына зиян келтіретіні сөзсіз. Нығматулин болашақта осындай кемшіліктерге жол бермеу қажет екенін айтты.

"Сондықтан заңдардың сапасы өте жоғары деңгейде болуы үшін үкімет заң жобасын жоспарлау және әзірлеу, тиісті органдармен келісу кезінде талапқа сай жан-жақты жұмыс істеу керек деп санаймыз", — деді мәжіліс спикері. 

Министр Атамқұлов Нығматулинге жауап беремін деп депутаттарды күлдірді

Бүгін алтыншы сайланған парламент үшінші сессияны жабып, депутаттар парламенттік каникулға кетті. 

Үшінші сессияда қос палатаның төрт бірлескен отырысы, мәжілістің  38 және сенаттың 25 жалпы отырысы өткен. Онда 400-ге жуық маңызды мәселелер қаралды.

 Үшінші сессия басталған кезде екі палатаның қарауында 129 заң жобасы болса, бүгін олардың 84-і қабылданған. 

Қазіргі уақытта 65 заңға мемлекет басшысы қол қойып, олар өз күшіне енді.

Нығматулин қаржы министріне: қарызды қалай қайтарамыз?>>